Қазақстанда биыл жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге қажеттілігі 7,3 млн тоннаны құрайды. Қазір өңірлерде 4,5 млн тонна көмір дайындалған. Бұл жалпы қажеттіліктің 62 пайызы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында өңір әкімдіктеріне көмір қорын жасақтау жұмысын жеделдетуді тапсырды.
Министрдің мәліметінше, жалпы қажетті 7,3 млн тоннаның 1,6 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторға, 5,7 млн тоннасы халыққа арналған.
Есепті күнге өңірлерде 4,5 млн тонна көмір дайындалды. Бұл жалпы қажеттіліктің 62 пайызы. Осыған байланысты әкімдіктер коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін көмір қорын дайындауды қамтамасыз етіп, өңірлерде жасанды дүрбелеңнің туындауына жол бермеу үшін барлық қажетті шараны қабылдауға тиіс, – деді Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Энергетика министрлігі жанынан барлық мүдделі тараптың қатысуымен республикалық штаб жұмыс істеп жатыр.
Министр әлеуметтік мазут жеткізу мәселесіне де тоқталды. Ведомство 255 мың тонна көлемінде әлеуметтік мазут жеткізу кестесін бекіткен. Оны жөнелту биыл қыркүйек айынан басталған.
Өңірлердің әкімдіктері бекітілген кестенің орындалуын жеделдетуі қажет, – деді министр.
Бұдан бөлек, Энергетика министрлігі энергия көздерінің берешегін азайту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Министрдің сөзінше, арнайы комиссия құрылып, соның нәтижесінде жалпы дебиторлық берешек көлемі 11 пайызға төмендеп, 72 млрд теңгені құраған.
Берешекті өтеу кестелері бекітілді. Жыл соңына дейін әкімдіктер энергия көздері алдындағы дебиторлық берешекті өтеу бойынша шаралар қабылдайды. Бұл жеткізілген газ үшін энергия көздерінің берешегін едәуір азайтуға мүмкіндік береді, – деді Ерлан Ақкенженов.
Министр бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін биыл өңірлердегі жылу желілерін жөндеуге 796 млрд теңге бөлінгені хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Қыста электр энергиясын тұтыну рекордтық деңгейге жетуі мүмкін: Қазақстан дайын ба?