Қазақстанда жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Энергия нысандарындағы жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Дегенмен алдағы күзгі-қысқы кезеңде электр энергиясына түсетін ең жоғары жүктеме өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға артып, 18 200 МВт-қа жетуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта барлық тұтынушы электр және жылу энергиясымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Технологиялық бұзушылықтар нормативтік мерзімде жойылып жатыр.
Жалпы, жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Барлық тұтынушы электр және жылу энергиясымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Энергия көздерінде қажетті жабдықтар құрамы бар. Қалған жөндеу жұмыстары резервтік жабдықтарда жүргізіліп жатыр және жылыту кезеңінің өтуіне әсер етпейді, – деді ведомство басшысы.
Оның сөзінше, Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес биыл электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандық пен 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазірдің өзінде 8 энергия блогы, 49 қазандық және 37 турбина жөндеуден өткен.
Министр технологиялық бұзушылықтар санының да азайғанын атап өтті. Өткен жылмен салыстырғанда мұндай жағдайлар орта есеппен 6 пайызға төмендеген. Ал электр станцияларында технологиялық бұзушылықтар саны 8 пайызға азайған.
Энергия нысандарындағы жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен аяқталып жатыр. Сонымен қатар энергетикалық ұйымдарда материалдар мен жабдықтардың авариялық қорын қалыптастыру, авариялық бригадаларды толық жасақтау және отынның нормативтік қорын сақтау бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді министр.
Оның мәліметінше, биылғы күзгі-қысқы кезеңде электр энергиясын тұтынудың ең жоғары деңгейі 18 200 МВт болады деп болжанып отыр. Бұл өткен жылыту маусымындағы ең жоғары көрсеткіштен 3 пайызға артық.
Биылғы жылдың он айында елімізде 102 млрд кВт·сағат электр энергиясы өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 пайызға жоғары.
Энергия көздерінің отын қоймаларында 5,8 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут жинақталған. Министр барлық станция нормативтік отын қорымен қамтамасыз етілгенін айтты.
Жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарын аяқтау, авариялық қорды қалыптастыру және энергия көздерінде отынның нормативтік қорын сақтау маңызды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, – деді министр.