Астанада жаңа Конституция аясында қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жаңғырту мәселелері талқыланды.
Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институты ұйымдастырған ғылыми-практикалық конференция Мемлекет басшысының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстердің жаңа редакцияларын әзірлеу жөніндегі тапсырмасы аясында өтті.
Конференцияға мемлекеттік органдардың, сот және құқық қорғау жүйесінің өкілдері, адвокаттар, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Заңнаманы жаңғырту барысында адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға басымдық берілмек.
Конференция барысында қылмыстық жазалар жүйесін жаңғырту,қылмыстық теріс қылықтар институтын дамыту,қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын жетілдіру,қылмыстылықтың цифрлық трансформациясына қатысты мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар қылмыстық процестің үш буынды моделін іске асыру, тергеушінің процестік дербестігін қамтамасыз ету, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау тәртібін оңтайландыру және сот талқылауының тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Конференция қорытындысы бойынша әзірленетін ұсыныстар Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстердің жаңа редакцияларының жобаларын дайындау кезінде ескерілмек.