Қазақстанда қылмыстың қандай түрлері азайғаны белгілі болды

27 Желтоқсан 2021, 11:14
2513
Бөлісу:
Қазақстанда қылмыстың қандай түрлері азайғаны белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз министрліктің биылғы соңғы брифингінде айтты. 

ІІМ-де алқа отырысы өтті, онда ішкі істер органдарының 2021 жылғы жұмысының қорытындылары, сондай-ақ Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру нәтижелері қаралды. Өткен жылы елде қауіпсіздіктің тиісті деңгейі қамтамасыз етілді. Бұл ретте қылмыстың төмендеу үрдісі жалғасып жатыр, - деді ол.

Оның айтуынша, жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар саны 4,5%-ға, ауыр қылмыстар саны 14%-ға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және зорлау фактілері 7%-ға, қарақшылық, тонау, ұрлық және бұзақылық 22%-ға азайды. 

Қоғамдық орындарда, мас күйінде, сондай-ақ бұрын сотталған адамдар мен кәмелетке толмағандар тарапынан орын алған құқық бұзушылықтар саны да төмендеді. Отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар санын азайту және бірқатар қылмыстың ашылуын жақсартуға мүмкіндік туды. 2021 жыл ІІМ жүйесі үшін құқық бұзушылықтың алдын алу және "жұртқа жақын полиция" қағидатын қамтамасыз ету жылы болды, - деді Нұрділдә Ораз.

Ол атағандай, қалаларда 58 модульді стационарлық полиция бекеті пайдалануға берілді, жаяу патрульдер саны артты, полицияны шұғыл шақыру үшін 81 «дабыл түймесі» орнатылды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру ІІМ-ге өз жұмысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге, азаматтарды тұрақты негізде қабылдау мен түрлі мәселелер бойынша консультациялар жүргізуге мүмкіндік берді. «102» мобильді қосымшасы іске қосылды, ол полицияға кез келген тәсілмен, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы жүгінуге мүмкіндік береді. Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша учаскелік инспектордың мәртебесі көтеріліп, оған тиімді жұмыс істеу үшін қажетті өкілеттіктер берілетінін атап өтті, - деді Ораз.

Өзгелердің жаңалығы