Қазақстанда қылмыс деңгейі 15%-ға төмендеді – Ержан Сәденов

27 Қазан 2026, 13:15
АВТОР
 27 Қазан 2026, 13:15
27 Қазан 2026, 13:15
80

ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету жөніндегі тұжырымдаманың негізгі бес бағытын жүзеге асыру туралы баяндады.

Бірінші. Заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру және құқықтық хабардар болу деңгейін арттыру. Жыл басынан бері Қазақстанда қылмыс 15%-ға төмендеп, қылмыстардың ашылуы 5%-ға өсті, 13,7 млн әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелдерін бағалаудың жаңа стандарты бойынша 58 мың адам тексеріліп, оның 2 мыңы тәуекел тобына жатқызылды. Жастарды құқықтық және патриоттық тәрбиелеу үшін мектептерге 8 мың полиция қызметкері бекітілді, 267 «Жас сақшы» және 69 «Жас Бүркіт» сыныптары жұмыс істеуде: бүгіннің өзінде 1,5 мыңнан астам жасөспірімдер қылмысының жолы кесіліп, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың жалпы саны 9%-ға төмендеді.

Екінші. Қауіпсіз және қолайлы өмір сүру ортасын құру. Қоғамдық орындарда қауіпсіздікті арттыру шеңберінде бейнебақылау жүйесі кеңейтілуде. ІІМ мәліметтері бойынша, елімізде 1,8 млн камера орнатылған. Бейнебақылаумен 65 мың аула қамтылған. Нәтижесінде 13,8 мың қылмыс ашылып, 763 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Қалалар мен аудан орталықтарындағы жедел басқару орталықтарының желісін кеңейту жалғасуда.

Үшінші. Билік органдарының ашықтығын қамтамасыз ету. Полиция халықпен өзара іс-қимылды кеңейтуде: азаматтармен кездесулер өткізілуде, учаскелік инспекторлар үй чаттары арқылы тұрғындармен тұрақты байланыс жасап отыр. Мобильді қосымшалар арқылы 138 мың өтініш келіп түссе, оның 80 мыңы eGov және банктік қосымшаларда қолжетімді «Заң мен тәртіп» сервисінің көмегімен жүзеге асқан.

Төртінші және бесінші. Заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету, азаматтық белсенділікті ынталандыру мәселелері бойынша азаматтық қоғамдастықпен әріптестікті дамыту. Құқық бұзушылықтың алдын алуға еріктілер мен қоғамдық көмекшілер тартылуда, олардың көмегімен 20 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 300 қылмыс ашылды. «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бизнес те атсалысуда.

Қоғамдық қауіпсіздік жүйесін цифрландыру шеңберінде полиция қызметкерлерін олардың іс-қимылдарын жедел үйлестіруге және ЖИ технологияларын қолдануға мүмкіндік беретін смарт-жетондармен жарақтандыру жалғасуда. Елімізде бейнеаналитика функциясы бар 51 мың камера жұмыс істейді, жыл соңына дейін олардың санын 60 мыңға дейін ұлғайту жоспарлануда, сондай-ақ ұлттық бейнемониторинг жүйесін құруға дайындық жүргізілуде. 

Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық секторды «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілетуге тартуға назар аударылды. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев бұл жұмыста құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңдылық қағидаттарын нығайту және жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл басымдық болып саналатынын атап өтті.

Елімізде азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, халықтың құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын арттыруға, заңға құрмет қалыптастыруға және құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған 500-ге жуық әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Қазақстанның Азаматтық альянсымен бірлесіп жалпыұлттық қағидаттарды, оның ішінде «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету бойынша республикалық жобалық кеңсе құрылды: өңірлерде 20 жобалық кеңсе жұмыс істейді, ҮЕҰ мен азаматтар үшін 1 мыңға жуық құқықтық консультациялар көрсетілді, ақпараттық-түсіндіру жұмысына еріктілер мен волонтерлік ұйымдар тартылды, – деді Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев.

Наверх