Қазіргі таңда ел аумағында шамамен 59 мың көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның басым бөлігі, яғни 63 пайыздан астамы қанағаттанарлық жағдайда болғанымен, тозған үйлер мәселесі әлі де өзекті. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 2026-2028 жылдары 363 тұрғын үйді күрделі жөндеуге 20,7 млрд теңге бөлінуі көзделіп отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ескі үйлерді жаңарту - басты міндеттердің бірі
2020 жылдан бері жергілікті әкімдіктерге 0,1% мөлшерлемемен берілген бюджеттік несиелер есебінен мыңнан астам көпқабатты үй жаңғыртылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлердің үлесі айтарлықтай азайған.
Қалалардағы тозығы жеткен үйлерді кезең-кезеңімен бұзу және орнына жаңа тұрғын үй салу - реновация бағдарламасының басты бағыты.
2025 жылдың қорытындысында 79 апатты үй сүріліп, екі мыңнан астам отбасы жаңа пәтерге көшті. Бұл тек қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, қалалық кеңістікті заманауи талаптарға сай қайта қалыптастыруға мүмкіндік берді, - дейді министрлік.
Мемлекет үшін тұрғын үй мәселесі әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
Соңғы жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 217,8 млрд теңгеге 14,5 мың арендалық пәтер сатып алынды. Бұдан бөлек, 140,2 млрд теңгеге 14,1 мың кредиттік тұрғын үй салынды және нарықтан алынды,-делінген мәлімдемеде.
Ипотекалық бағдарламалар да сұранысқа ие.
«Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» жобалары арқылы 233 млрд теңгеге 8,6 мыңнан астам қарыз берілген. Ал 2026 жылы жеңілдетілген ипотеканың көлемін ұлғайту және 12 мыңнан астам отбасыны баспанамен қамту жоспарланып отыр, - деді министрлік.
Тұрғын үй кезегінде қанша адам тұр?
Биыл тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу мен тұрғын үйді бөлу тәртібі де өзгерді. Бұл функциялар «Отбасы банкке» беріліп, оған ұлттық даму институты мәртебесі жүктелді. Қазір ресми тізімде 951 мың азамат бар.
Сонымен қатар бұрын берілген жалдамалы тұрғын үйді жекешелендіруге мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізілді. 2025 жылы 15 мыңнан астам отбасы осы құқықты пайдаланып, олардың 9 мыңға жуығы тұрғын үйді өтеусіз негізде иеленді.
Құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ
Саладағы тағы бір маңызды көрсеткіш - құрылыс көлемінің тұрақты өсуі. Соңғы үш жыл қатарынан жоспардан артық тұрғын үй пайдалануға беріліп келеді. 2025 жылы 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл 185,8 мың тұрғын үй бірлігіне тең.
Инвестиция көлемі де рекордтық деңгейге жетті. Құрылысқа салынған қаржы 3,8 трлн теңгені құрап, оның 3,5 трлн теңгесі жеке инвесторлар үлесінде болды. Бұл құрылыс саласының бизнес үшін тартымды екенін аңғартады.
Коммуналдық инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ
Құрылыс саласының дамуы инженерлік желілерді жаңғыртусыз мүмкін емес. 2025 жылы су және су бұру жүйелеріне 242 млрд теңге бағытталып, желілердің тозу деңгейі айтарлықтай төмендеді.
Алдағы жылдары энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1,9 трлн теңге инвестиция тарту, мыңдаған шақырым желіні жаңарту және ондаған кәріз-тазарту нысанын салу көзделіп отыр, - дейді министрлік.
Жаңа Құрылыс кодексі - саланың жаңа ережелері
Қабылданған жаңа Құрылыс кодексі құрылыс сапасына қойылатын талаптарды күшейтіп, кепілдік мерзімдерін ұзартуды және барлық процестерді цифрландыруды көздейді. 2026 жылдан бастап құрылыс саласында «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Бірыңғай құрылыс порталы іске қосылды.
Құрылыс саласындағы жүйелі реформалар, инвестиция көлемінің артуы және цифрлық шешімдердің енгізілуі бұл саланың Қазақстан экономикасын әртараптандырудағы маңызды тірекке айналғанын көрсетеді. Құрылыс – бүгінде тек үй салу емес, елдің болашағына салынған ұзақ мерзімді инвестиция.