Қазақстанда құны 108 млрд теңге болатын 51 медициналық нысан салынуда

2023–2025 жылдар аралығында және 2026 жылдың алғашқы жартысында ауылдық медициналық ұйымдарға 1735 маман жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 722 дәрігер және 1013 орта буын медицина қызметкері бар.

 pexels.com 23 Тамыз 2026, 01:40
23 Тамыз 2026, 01:40
96
Фото: pexels.com

Қазақстанда денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта ел бойынша жалпы құны 108 млрд теңге болатын 51 медициналық нысан салынуда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.

2019 жылдан бері Қазақстанда 1263 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген. Олардың қатарында Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен 200 орындық Ұлттық жедел медицинаны үйлестіру орталығы, Алматыдағы 350 орындық Ұлттық жұқпалы аурулар ғылыми орталығы және өңірлердегі бірқатар медициналық нысан бар.

Өңірлердегі ірі жобалар

Қызылорда мен Өскеменде әрқайсысы 300 орынға арналған көпбейінді ауруханалардың құрылысы жалғасып жатыр.

Сонымен қатар Атырау облысының Өркен және Нұрсая шағынаудандарында, Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауылында және Талдықорғанда жаңа емханалар салынуда.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуда ауыл медицинасына да ерекше көңіл бөлініп отыр.

Ауылдарда 655 нысан салынды

2026 жылдың басына қарай «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының барлығы салынды.

Жаңа медициналық пункттердің ашылуы 1 миллионнан астам ауыл тұрғынына медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік берді.

Нысандар телемедицина және физиотерапия кабинеттерімен, дәріхана пункттерімен, емдік дене шынықтыру залдарымен және қажетті басқа да инфрақұрылыммен жабдықталған.

32 аудандық аурухана жаңғыртылуда

Ауылдық медицинаны дамыту аясында 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта оның 12-сі толық жаңартылған.

Ауруханалар жөнделіп, қайта жаңғыртылумен қатар заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Олардың қатарында компьютерлік томографтар мен ангиографиялық кешендер бар.

Мұндай жабдықтар инфаркт пен инсульт кезінде ерекше маңызды. Себебі мұндай жағдайда диагнозды уақытында қойып, емдеуді алғашқы сағаттарда бастау қажет.

Аудан деңгейінде диагностика мен емдеуді бастау мүмкіндігінің болуы науқастарды облыс орталықтарына тасымалдау қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.

Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін аудандық деңгейдегі мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек 4 миллионнан астам ауыл тұрғынына қолжетімді болады деп жоспарланып отыр.

Мамандардың бағалауынша, жоба жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульттен болатын өлім-жітімді шамамен 20 пайызға төмендетуге ықпал етуі мүмкін.

Ауыл медицинасына мамандар тартылуда

Медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарымен қатар ауылдық жерлердегі кадр мәселесіне де көңіл бөлінуде.

2023–2025 жылдар аралығында және 2026 жылдың алғашқы жартысында ауылдық медициналық ұйымдарға 1735 маман жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 722 дәрігер және 1013 орта буын медицина қызметкері бар.

Сонымен қатар осы кезеңде жаңғыртылып жатқан 32 аудандық ауруханаға 624 дәрігер мен 642 орта буын маманы жұмысқа келген.

Осылайша, ауылдық денсаулық сақтауды кадрлармен қамтамасыз ету бойынша ұлттық жоба аясындағы жоспарланған шаралар толық орындалған.

Наверх