«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов ОКҚ-да өткен брифингте жұмысқа орналасқан түлектердің жалақысы неше теңге екенін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде жұмысқа орналасқан түлектердің саны 2023 жылы 82,8%-ға дейін өсті.
Өңірлік талдау барысында түлектердің жалақы деңгейін, жұмысқа орналасуын және жұмыс іздеуге кететін уақытын ескере отырып, әр өңір бойынша олардың орташа көрсеткіштерін бағаладық. Нәтижесінде ең жоғары жұмысқа орналасу деңгейі Алматы облысы (91%) түлектерінде, ал ең төмен жұмысқа орналасу деңгейі Жамбыл облысы түлектерінде (74%) анықталды. Ал жалақылары 180 мың теңгеден астам, - деп айтты Азамат Бейсенбенов.
Ал түлектер арасында ең жоғары жалақыны Ұлытау облысындағы түлектер алады, шамамен 336 679 теңге. Ал Қостанай облысы 183 741 теңге, Павлодар облысы 193 081 теңге, Шығыс Қазақстан облысы (181 922 теңге), Атырау облысы (191 786 теңге), Алматы облысы (227 458 теңге) және Алматы қаласы (186 038 теңге) түлектерінде анықталды.
Ал «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» бағытының түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі ең жоғарғы екені анықталып, 89% құрады, ал ең төменгі көрсеткіш «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» бағыты бойынша - 76%.
Талдауға сәйкес, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» бағытының түлектерінің медиандық жалақы көрсеткіші де ең жоғары мәнге ие болып, 212 797 теңгені көрсетті, ал ең төмен медиандық жалақы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бағытының түлектері бойынша анықталды, ол 122 458 теңгені құрады. Ал жалпы рейтинг бойынша түлектердің медиандық жалақысы 168 156 теңгені құрады, - деп айтты Атамекен өкілі.