Қазақстанда 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша қант диабетіне қатысты негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштерде оң динамика байқалды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді. Жиынға өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының, республикалық медициналық және ғылыми орталықтардың басшылары қатысты.
Министрлік мәліметінше, елімізде 1 және 2 типті қант диабеті бойынша жалпы сырқаттанушылық деңгейі төмендеген. Биыл бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 308,7-ні құраса, 2025 жылдың осы кезеңінде 313,5 болған.
Мамандар мұны эндокринологиялық қызметтің дамуы және медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде профилактикалық жұмыстың күшеюімен байланыстырады.
«Өңірлерде эндокриндік ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу бағытында құзырет орталықтары ашылып жатыр. Сонымен қатар, бейінді бөлімшелердегі төсек қоры кеңейтіліп, диабет мектептері мен мамандандырылған кабинеттер іске қосылуда. Бұл қант диабеті және басқа да эндокриндік аурулары бар пациенттерге медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді», — деді Тимур Сұлтанғазиев.
Аурулардың алдын алу және ерте анықтау мәселесіне де ерекше назар аударылуда. 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша профилактикалық мақсатта МСАК ұйымдарына жүгіну үлесі жоспарланған 27%-дың орнына 33,4%-ға дейін өскен.
Созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылау жүйесін жетілдіру аясында Денсаулық сақтау министрлігі динамикалық бақылау мен диагностика тәсілдерін қайта қарады. Жоғары сезімталдықтағы тексеру әдістері енгізіліп, зерттеулердің жиілігі өзгертілді және пациенттердің жағдайына бақылау күшейтілді.
Нәтижесінде инфекциялық емес аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылаумен қамту деңгейі шамамен үш есеге артып, 12%-дан 34%-ға жетті.
Сонымен қатар, кейбір өңірлерде профилактикалық тексерулермен қамтудың жеткіліксіздігі, емдеуге жатқызуды күту мерзімдерінің ұзақтығы және нысаналы индикаторларға қол жеткізбеу мәселелері сақталып отыр.
Алқа отырысының қорытындысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлерге МСАК-тың негізгі көрсеткіштеріне ай сайын мониторинг жүргізуді, профилактикалық жұмысты күшейтуді және созылмалы аурулары бар пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын бақылауды тапсырды.