Қазақстанда қанша әлеуметтік кәсіпкер бар?

Соңғы үш айда әлеуметтік кәсіпкерлер саны 11,2 пайызға жуық өскен.

15 Шілде 2026, 20:48
АВТОР
 15 Шілде 2026, 20:48
15 Шілде 2026, 20:48
196

Қазақстанда кәсіпкерлікті қоғамға пайдалы бастамалармен ұштастыратын әлеуметтік кәсіпкерлер саны артып келеді.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің бірыңғай тізілімінде 1 776 кәсіпкер тіркелген.

Соңғы үш айда әлеуметтік кәсіпкерлер саны 11,2 пайызға жуық өскен. Бұл елімізде табыс табумен қатар, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобалардың көбейіп келе жатқанын көрсетеді.

Әлеуметтік кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі жандар мен халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері үшін жұмыс орындарын ашып, сұранысқа ие қызметтер көрсетеді және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды жүзеге асырады.

Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің бірыңғай тізіліміне енгізілу кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға және өз жобаларын дамытуға мүмкіндік береді.

Аталған тізілімді Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі әр тоқсан сайын қалыптастырады. Кәсіпкерлерді тізілімге енгізу туралы шешімді өтінімдерді қарап, олардың белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалағаннан кейін жергілікті атқарушы органдар жанындағы арнайы комиссиялар қабылдайды.

Наверх