Қазақстанда оң рөлді көліктер такси қызметін көрсете алмайды

 22 Қыркүйек 2026, 13:03
22 Қыркүйек 2026, 13:03
148

Оң рөлді көліктерді такси ретінде қолдануға тыйым салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, Көлік министрлігі Ішкі істер министрлігімен және Яндекс, inDrive-пен бірігіп, рөлі оң жақтағы 70 мыңға жуық көлікті тасымалдау процесінен шығарды. 

Сонымен қатар техникалық байқау орталықтарының жауапкершілігі күшейді. Енді оларға жұмыс бастау үшін арнайы рұқсат алу керек. Айыппұл 30-дан 100 МРП-ге дейін өсті. Техникалық байқауды тек қағаз жүзінде (жалған) жасағандардың жұмысы 3 жылға дейін тоқтатылады.

Ал Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 2025 жылдан бастап Қазақстанда такси агрегаторларына бақылау күшейтілгенін айтты. Цифрлық ақпарат алмасу жолға қойылған. Мысалы оларға 70 мың оң рульді көліктердің тізімі жіберілгенін тағы атап өтті. 

Министр сондай-ақ жүргізуші куәліктерін автоматты түрде тексеру енгізіліп жатқанын атап өтті. Яғни, күәлігі жоқ адамдар жұмыс істей алмайды. Оған қоса Көлік министрлігі мен такси агрегаторларына жүргізушілердің рейс алдында медициналық тексеруден өтуін, көліктердің техникалық тексеруі болуын бақылаудың нақты тетігін әзірлеу жоспарлануда.

Республикалық жолдарда көлік оқиғалары азайды

Министрдің айтуынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары 10%-ға, қаза болғандар саны 14%-ға, зардап шеккендер 11%-ға төмендеді.

Апаттың негізгі себебі – жүргізушілердің ережені сақтамауы. Жол апатының негізгі факторлары жылдамдықты асыру, арақашықтықты сақтамау, көлікті басқара алмау, қарсы жолға шығу.

Наверх