Қазақстанда мыс өңдейтін алып зауыт салынуы мүмкін

Елімізде мыс өндірісін терең өңдеуге бағытталған ірі жобаларды іске асыру жоспары қарастырылып жатыр.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 18 Мамыр 2026, 16:41
18 Мамыр 2026, 16:41
369
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Елде заманауи мыс балқыту зауытын салу, сондай-ақ электромобиль аккумуляторына қажет жоғары технологиялы мыс фольгасын өндіру мәселесі көтерілді. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Сенатта өткен Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, мыс саласы Қазақстан металлургиясындағы ең маңызды бағыттардың бірі саналады. Алайда қазіргі таңда өндірілетін өнімнің басым бөлігі әлі де өңделмеген немесе бастапқы деңгейде өңделген күйде экспортталып жатыр.

Бүгінде мыс концентраттарының шамамен 35-40 пайызы өңделмей экспортқа кетеді. Сондықтан Қазақстанда кем дегенде бір ірі заманауи мыс балқыту зауытын салуға мүмкіндік бар. Мұндай жобаларды отандық компаниялар өз бетінше немесе халықаралық ірі компаниялармен бірлесіп жүзеге асыра алады, – деді Арман Қасенов.

Оның сөзінше, катод өндірісі мыс өңдеудің соңғы кезеңі емес. Қазақстанда жартылай дайын өнім шығару бағытында да үлкен мүмкіндік бар.

Бізде үздіксіз мыс сымын өндіретін зауыттар мен аса жұқа мыс фольгасын шығаратын жоғары технологиялы өндірістер ашуға мүмкіндік бар. Мұндай фольга электромобиль аккумуляторларын жасау кезінде кеңінен қолданылады, – деді вице-министр.

Арман Қасенов әлемдік нарықта мұндай өнімдерге сұраныс жоғары екенін атап өтті. Әсіресе электромобиль өндірісінің артуы мыс фольгасына деген қажеттілікті күшейтіп отырғанын айтты.

Жалпы мыс саласындағы ықтимал жобалардың көлемі 5–6 млрд доллардан асады. Әлемде осы бағытта жұмыс істейтін және терең тәжірибесі бар 100-ден астам жетекші компания бар, – деді ол.

Сондай-ақ вице-министр Қазақстан әлемдік мыс өндірісінің шамамен 3–4 пайызын өндіретінін және әлемдік қордың да осындай үлесіне ие екенін айтты.

Наверх