Қазақстанда мемлекеттік шәкіртақы төлеудің жаңа тәртібі бекітілді

Платформаға енгізілетін мәліметтердің дұрыстығы мен толықтығына білім беру ұйымдары жауапты болады. Егер оқу орнының қателігінен студентке артық немесе негізсіз стипендия төленсе, артық қаражаттың операторға қайтарылуын сол оқу орны қамтамасыз етуі тиіс.

 pixabay 6 Тамыз 2026, 00:45
6 Тамыз 2026, 00:45
131
Фото: pixabay
​2026 жылғы 31 шілдеде Үкімет мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу және олардың мөлшеріне қатысты қағидаларға өзгерістер енгізді.

Жаңа ережеге сәйкес, енді мемлекеттік стипендияларды төлеу үдерісі "Жоғары білімнің бірыңғай платформасы" цифрлық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары студенттер туралы мәліметтерді, емтихан сессиясының нәтижелерін, стипендия алушының санатын және банк шотының деректерін операторға әр айдың 12-сінен кешіктірмей жолдауы тиіс. Егер бұл күн демалысқа сәйкес келсе, құжаттарды тапсыру мерзімі келесі жұмыс күніне ауыстырылады.

Оператор ұсынылған мәліметтерді бес жұмыс күні ішінде қарап, қаржыландыруға өтінімді ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органға жібереді. Ал уәкілетті органдар үш жұмыс күні ішінде ақпаратты тексеріп, стипендия төлеуге қажетті қаражатты операторға аударады.

Платформаға енгізілетін мәліметтердің дұрыстығы мен толықтығына білім беру ұйымдары жауапты болады. Егер оқу орнының қателігінен студентке артық немесе негізсіз стипендия төленсе, артық қаражаттың операторға қайтарылуын сол оқу орны қамтамасыз етуі тиіс.

Сондай-ақ "Жоғары білімнің бірыңғай платформасының" үздіксіз жұмыс істеуі мен онда сақталатын деректердің қауіпсіздігіне ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган жауап береді. Ал қаражатты студенттердің банктік шоттарына уақытылы аудару міндеті операторға жүктелген.

Қаулыда мемлекеттік стипендиялардың жаңартылған мөлшері де бекітілді. Оған сәйкес:

жұмысшы біліктілігі бойынша білім алатын колледж студенттері – 43 574 теңге;

техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері – 41 896 теңге;

педагогикалық емес және "Денсаулық сақтау" бағытына жатпайтын ЖОО студенттері – 52 372 теңге;

педагогикалық және медицина бағытындағы студенттер – 84 000 теңге;

интерндер – 94 862 теңге;

магистранттар – 117 098 теңге, ал "Назарбаев Университеті" магистранттары – 218 750 теңге;

медицина бағытының резидент-дәрігерлері мен магистранттары – 134 664 теңге;

докторанттар, оның ішінде PhD докторанттары – 262 500 теңге;

дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары студенттік стипендияның 85 пайызы көлемінде, яғни 40 065–44 516 теңге алады.

Наверх