Қазақстанда MedHub медицина деректері мен ЖИ біріктірілген жаңа платформа іске қосылады
Қазақстанда MedHub медицина деректері мен ЖИ біріктірілген жаңа платформа іске қосылады
Жүйе дене қызуын, қан қысымын, жүрек қызметін, өкпенің жағдайын, ЛОР мүшелерін, тері жағдайын тексеріп, баланың бойы мен салмағын автоматты түрде тіркейді.
Қазақстанда мектеп оқушыларының денсаулығын бақылауға арналған жасанды интеллект технологиялары енгізіле бастайды.
Бұл бағыттағы MedHub HAQ платформасының таныстырылымы 8 шілде күні Астанада өтті.
Жаңа жоба медициналық стартаптарды қолдауға, жеке мәліметтері жасырылған медициналық деректермен қауіпсіз алмасуға және денсаулық сақтау саласын цифрландыруға бағытталған.
Жоба авторларының айтуынша, бүгінде медицина саласындағы стартаптардың жартысына жуығы қажетті инфрақұрылымның жоқтығынан толыққанды дами алмай отыр. Сондықтан жаңа платформа инновациялық жобаларды дамытуға және оларды тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында іске қосылған E-Осмотр цифрлық платформасы мектеп оқушыларының профилактикалық медициналық тексерулерін автоматтандырады.
Арнайы медициналық құрылғылар баланың денсаулығына қатысты 15 түрлі көрсеткішті анықтап, нәтижесін бірден электронды жүйеге жібереді.
Жасанды интеллект дәрігердің орнына диагноз қоймайды. Ол тек медициналық тексеру нәтижелерін саралап, ықтимал ауытқуларды анықтауға көмектесіп, дәрігерге ұсыныстар береді.
Жүйе дене қызуын, қан қысымын, жүрек қызметін, өкпенің жағдайын, ЛОР мүшелерін, тері жағдайын тексеріп, баланың бойы мен салмағын автоматты түрде тіркейді. Мамандардың айтуынша, мұндай жабдық бүгінде әлемнің 78 елінде қолданылады.
Медициналық стартаптар басқа бағытпен дамиды. Олар клиникалармен тығыз жұмыс істеуі, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтауы және өз шешімдерін әзірлеуге негіз болатын деректерге қол жеткізуі қажет. Қазіргі таңда мұндай мүмкіндіктер іс жүзінде жоқ. Сондықтан біздің басты міндетіміз - осы инфрақұрылымды қалыптастырып, заңнаманы жетілдіру бағытында мемлекетпен бірлесіп жұмыс істеу, – деді MedHub HAQ негізін қалаушы Тоғжан Қожалы.
Цифрлық кодекс күшіне енгеннен кейін иесіздендірілген (дербес мәліметтері алынып тасталған) деректермен заңды түрде алмасуға мүмкіндік туады. Тоғжан Қожалының айтуынша, мұндай деректерді стартаптар мен ғылыми-зерттеу институттары ғылыми зерттеулер жүргізу және жаңа технологияларды әзірлеу үшін пайдалана алады.
Біз иесіздендірілген деректермен алмасуға арналған платформаны – өзіндік маркетплейсті құрып жатырмыз. Онда тек заңды әрі қауіпсіз, жеке тұлғалардың дербес мәліметтері қамтылмаған деректер ғана орналастырылады. Бүгінде әлемде деректер нарығы миллиардтаған доллар айналымы бар ірі салаға айналды. Біз Қазақстанда да осы бағыттың дамығанын қалаймыз, – деді ол.
Сонымен қатар платформа қағаз құжат айналымынан бас тартуға мүмкіндік береді. Медициналық тексеру қорытындылары бірден электронды денсаулық картасына енгізіліп, ақпаратты қолмен қайта көшіру қажеттілігі жойылады. Бұл өз кезегінде қателіктердің азаюына ықпал етеді.
Жоба авторларының мәліметінше, қолдау алған осындай медициналық шешімдердің бірі алдағы уақытта Қазақстандағы шамамен 9 мың мектепте қолданылуы мүмкін.
MedHub HAQ платформасын әзірлеушілер бұл бастама медицинаға цифрлық технологияларды енгізуді жеделдетіп, отандық ІТ-жобалар мен ғылыми зерттеулердің дамуына серпін береді деп есептейді.