Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды

 gov/kz 29 Қараша 2026, 07:14
29 Қараша 2026, 07:14
86
Фото: gov/kz
Бүгін, 29 қарашада, Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр.

Сайлау учаскелерінің басым бөлігінде дауыс беру Астана уақытымен сағат 07:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады. Ал 101 сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы сағат 06:00-ге белгіленген.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, республика бойынша 10 388 сайлау учаскесі жұмыс істеуі жоспарланған. Оның 556-сы азаматтардың уақытша болатын орындарында, соның ішінде медициналық мекемелер мен әскери бөлімдерде ұйымдастырылған.

Сайлау барысында еліміздегі 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайланады. Атап айтқанда:

  • 20 облыстық мәслихатқа – 668 депутат;

  • 38 қалалық мәслихатқа – 626 депутат;

  • 170 аудандық мәслихатқа – 2 153 депутат.

Депутаттық мандаттардың 3 113-і бірмандаттық сайлау округтері, ал 334-і партиялық тізімдер бойынша бөлінеді. Депутаттар 5 жыл мерзімге сайланады.

Сайлау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 12 қазандағы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлығына сәйкес өткізіліп жатыр.

Кандидаттарды тіркеу 1 қарашада аяқталған болатын. Сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны 28 қарашаға қараған түні тоқтатылып, сенбі тыныштық күні болып белгіленді.

Мәслихаттар жергілікті халықтың мүддесін білдіретін өкілді органдар саналады. Олар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті бекітуге және оның орындалуын бақылауға қатысады.

Дауыс беру жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын түрде өткізіледі. Сайлаушылар өздерінің дауыс беру учаскелерін тиісті әкімдіктердің ақпараттық қызметтері арқылы анықтай алады.

Сайлау қорытындысы 5 күн ішінде белгіленуге тиіс.

Наверх