Қазақстанда денсаулыққа зиянды немесе қауіпті өндірісте еңбек ететін азаматтарға заңнамалық тұрғыдан бірқатар жеңілдік мен өтемақы қарастырылған. Денсаулыққа зиянды жерде жұмыс істейтіндерге нақты қандай қолдау бар? BAQ.KZ тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Қысқартылған жұмыс уақыты мен қосымша демалыс
Еңбек кодексіне сәйкес, зиянды және қауіпті өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлер үшін:
- Жұмыс аптасы 36 сағаттан аспауы тиіс.
- Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қосымша кемінде 6 күн беріледі.
Бұған қоса, жұмыс беруші еңбекақыға зияндылық деңгейіне қарай үстемақы қосуға міндетті.
Үстемақы мөлшері қалай анықталады?
Көтермелі жалақының нақты көлемі:
- Ұжымдық келісімдер мен жұмыс берушінің ішкі актілерінде белгіленеді.
- Өндірістің зияндылық және қауіптілік деңгейіне қарай салалық коэффициенттер арқылы есептеледі.
Сонымен қатар жұмыс беруші улану мен кәсіби сырқаттардың алдын алу үшін:
- Қызметкерлерге сүт немесе арнайы емдәмдік тағам беруге міндетті.
Бұл жеңілдіктер мен төлемдер өндірістік аттестация нәтижелерімен расталған жағдайда ғана қарастырылады.
2024 жылы қанша адам жеңілдік алды?
2024 жылы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген 679 мың қызметкер әртүрлі өтемақы алды:
- 551 мың адамға қосымша демалыс берілді.
- 342 мың адамға зияндылық үшін үстемақы төленді.
- 427 мың жұмысшыға тегін емдік-профилактикалық тамақ ұйымдастырылды.
- 47 мың қызметкердің жұмыс күні қысқартылды.
Бұл мақсатқа жұмыс берушілер тарапынан 297 млрд теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 17%-ға жоғары.
Жалпы былтыр жазатайым оқиғалардан 1 408 адам зардап шекті. Олардың ішінде 202 адам қаза тапты. 445 мыңнан астам жұмыс орны әлі де зиянды және қауіпті ретінде жіктеледі.
Арнайы төлем кімге беріледі немесе кім 55 жастан зейнетке шыға алады?
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде еңбек жағдайлары зиянды жұмыста ұзақ уақыт бойы істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.
Арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары:
- 55 жасқа толу
- БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы.
Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер, 2030 жылы – 58 мыңнан астам, 2035 жылы – 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Осылайша, әлеуетті төлем алушылар саны жыл сайын ұлғаяды.
2024 жылы арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері жалпы алғанда 208 мың теңге болды.
Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнаулы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі. Алдын ала есептеулер бойынша 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері 339 мың теңге, ал 2035 жылы – 519 мың теңге.
2025 жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша 1940 азаматқа зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істегені үшін арнайы әлеуметтік төлем тағайындалды.
Айта кетсек, осы бағдарлама іске қосылған сәттен бастап зиянды өндірісте істейтін 12 мыңға жуық қызметкер мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығын пайдаланған.
Қазақстанда зиянды өндірісте еңбек ететін азаматтарды қолдау шаралары жылдан жылға күшейіп келеді. Қосымша демалыс, үстемақы, мерзімінен бұрын зейнетке шығу және профилактикалық төлемдер арқылы еңбек жағдайын жақсарту мақсатты түрде жалғасып келеді.
Осыған дейін Ақтөбе облысында өрттен зардап шеккен екі жұмысшы көз жұмғаны жайлы жаздық.
Оқиға 26 маусымда облыстағы “Қамқор Локомотив” ЖШС-на қарасты Ақтөбе локомотив жөндеу депосында болған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің басшысы Қуаныш Қамиевтің айтуынша, өрт салдарынан екі жұмысшының денесін қатты күйік шалған.
Көрсетілген медициналық көмектерге қарамастан екі жұмысшы араға бірнеше күн салып көз жұмған. Атап айтсақ, біреуі — 30 маусымда, екіншісі 1 шілдеде қайтыс болған.