Қазақстанда ұйым басшыларының орташа айлық жалақысы 2026 жылы 1 миллион 101 мың 149 теңгені құрады. Алайда бұл көрсеткіш салаға қарай айтарлықтай өзгереді. Қаржы және сақтандыру секторындағы басшылар орта есеппен 2,7 миллион теңгеден астам алса, мемлекеттік басқару саласындағы жалақы 509 мың теңге шамасында.
Басшылар ең көп жалақы алатын салалар
Ranking.kz статистикасына сәйкес, 2026 жылғы көрсеткіш бойынша ұйым басшыларының орташа жалақысы жоғары бес сала мыналар:
Қаржы және сақтандыру – 2 732 103 теңге;
Тұру және тамақтану қызметтері – 2 077 051 теңге;
Ақпарат және байланыс – 1 660 040 теңге;
Өнеркәсіп – 1 630 724 теңге;
Құрылыс – 1 391 363 теңге.
Қаржы саласы басшыларының жалақысы өзге бағыттармен салыстырғанда жоғары. Атап айтқанда, банк секторы мен қаржылық делдалдық саласындағы басшылар айына орта есеппен 2 866 482 теңге алады.
Екінші орында қонақүй және қоғамдық тамақтану саласы тұр. Мейрамхана бизнесіндегі басшылардың орташа жалақысы 2 144 593 теңге болса, қонақүй саласында бұл көрсеткіш 1 808 898 теңгені құрайды.
Өнеркәсіптің жекелеген бағыттарында да басшылардың жалақысы 2 миллион теңгеден асады. Мәселен, мұнай өңдеу саласында – 2 657 763 теңге, мұнай және газ өндіруде – 2 631 437 теңге, химия өнеркәсібінде – 2 579 366 теңге. Электроника өндірісінде бұл көрсеткіш 2 313 264 теңге, көлік құралдарын өндіруде 2 256 664 теңге, автомобиль өнеркәсібінде 2 186 520 теңге, фармацевтикада 2 029 464 теңге болған.
Көлік саласында да жоғары жалақы алатын басшылар бар. Мысалы, теңіз арқылы жүк тасымалдау саласындағы басшылар айына орта есеппен 2 825 175 теңге алады. Ал теміржол арқылы жүк тасымалдау саласында бұл көрсеткіш 1 091 901 теңге.
Қай салада басшылардың жалақысы төмен?
Ең төмен орташа жалақы мемлекеттік басқару және қорғаныс саласында тіркелген – 508 965 теңге. Одан кейін өнер және ойын-сауық саласы (633 308 теңге), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету (642 364 теңге), білім беру (749 375 теңге) тұр.
Осылайша, мемлекеттік басқару саласындағы басшылардың орташа жалақысы қаржы секторындағы әріптестерінен 5,4 есе төмен.
Білім беру саласында да басшылардың табысы қызмет түріне қарай ерекшеленеді. Балабақша меңгерушілері айына орта есеппен 358 312 теңге, мектеп директорлары 449 305 теңге, ал жоғары оқу орындарының басшылары 1 265 649 теңге алады.
Денсаулық сақтау саласында аурухана басшыларының орташа жалақысы 749 538 теңге болса, жекеменшік клиникалар мен стоматология ұйымдарында бұл көрсеткіш 636 816 теңгені құрайды.
Салалар бойынша басшылардың орташа айлық жалақысы:
Инфографика
Айта кетейік, көрсетілген сандар – орташа номиналды жалақы. Жекелеген шағын салаларда ірі компаниялардың көрсеткіштері орташа мәнге едәуір әсер етуі мүмкін. Сондықтан ең жоғары және ең төмен жалақы көрсеткіштерін осы ерекшелікті ескере отырып қарастырған жөн.