Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы алты айында электронды ақшамен жасалған операциялардың жалпы көлемі 959,5 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46,4%-ға көп. Ал екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 501,6 млрд теңге болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Электронды ақшамен жасалған операциялардың жалпы көлемі өскенімен, олардың саны азайған, деп жазады Finprom.kz. 2026 жылғы қаңтар-маусым аралығында 106,9 млн операция жүргізілген. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16%-ға төмен. 2025 жылдың алғашқы жартысында 127,3 млн операция жасалса, 2024 жылы олардың саны 105,5 млн болған.
Сонымен қатар бір операцияның орташа сомасы 9 мың теңгеге дейін өсті. Былтыр бұл көрсеткіш 5,1 мың теңге, ал 2024 жылы 4,8 мың теңге болған.
Электронды ақшаның басым бөлігі бизнеске бағытталған
Электронды ақшамен жасалған операциялардың негізгі бөлігі жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың пайдасына жүргізілген. 2026 жылдың алғашқы алты айында мұндай төлемдердің көлемі 805,2 млрд теңгеге жетті. Бұл бір жылда 58,2%-ға артқан. Жалпы операциялар көлеміндегі үлесі 83,9%-ды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 77,7% болған.
Ал жеке тұлғалардың пайдасына жасалған операциялардың көлемі 154,3 млрд теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,5%-ға жоғары. Дегенмен мұндай операциялардың жалпы көлемдегі үлесі 22,3%-дан 16,1%-ға дейін төмендеген.
Электронды ақша шығару көлемі артты
2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанда 643,9 млрд теңгенің электронды ақшасы шығарылды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 49,1%-ға көп. 2025 жылдың алғашқы жартысында электронды ақша шығару көлемі 432 млрд теңге болған.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстанда электронды ақша шығарумен сегіз екінші деңгейлі банк және «Қазпошта» АҚ айналысқан. Елде 38 электронды ақша жүйесі жұмыс істеген. Оның 34-інің операторы төлем ұйымдары болған.
Сонымен бірге ашылған электронды әмияндардың саны бір жылда 5,9%-ға азайып, 38,3 млн-ды құрады. Былтыр 1 шілдеде олардың саны 40,7 млн болған. Алайда бұл көрсеткіш пайдаланушылардың нақты санын білдірмейді, өйткені бір адам бірнеше электронды әмиян аша алады.
2026 жылғы шілденің басында айналымдағы электронды ақшаның қалдығы 24,3 млрд теңге болған. Бұл бір жыл бұрынғы деңгейден 10,4%-ға төмен.
Айта кетейік, электронды ақша банк картасымен жасалатын әдеттегі төлемдермен немесе банк шоттары арасындағы аударымдармен бірдей емес. Ол арнайы төлем жүйелерінде есепке алынады. Сондай-ақ электронды ақшаны Ұлттық банк шығаратын цифрлық теңгемен және криптовалютамен шатастырмаған жөн.