Қазақстанда экологиялық заңбұзушылықтарды цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект көмегімен жедел анықтау көзделіп отыр. Кәсіпорындардың шығарындылары, қалдықтары мен есептілігі туралы деректер бір платформаға біріктіріледі. Ал арнайы құрал күмәнді сәйкессіздіктерді анықтап, инспекторға белгі береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Табиғат пайдаланушылар үшін не өзгереді?
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Цифрлық трансформация және жобалық басқару департаментінің директоры Данна Оразқалиеваның айтуынша, табиғат пайдаланушының қызметі тиісті рұқсат алудан басталады. Одан кейін кәсіпорын экологиялық есептілікті ұсынады және мемлекеттік экологиялық бақылаудан өтеді.
Осы процестерді автоматтандыру үшін «Сфера. Контроль» жүйесі енгізілді.
Данна Оразқалиеваның сөзінше, бұған дейін мемлекеттік инспектор экологиялық есептеулердің бірқатарын қолмен жүргізген. Енді бұл функциялар цифрлық форматқа көшіріліп жатыр.
Бұл мемлекеттік инспектордың жүктемесін 50 пайызға азайтуға және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Барлық дерек бір жүйеге біріктіріледі
Данна Оразқалиеваның айтуынша, экология саласын цифрландыруда Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкінің маңызы зор.
Бұл – «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін, экологиялық ақпаратты бір жерге жинақтайтын көпфункционалды платформа. Онда өндірістік экологиялық бақылау, қалдықтар, көміртегі шығарындылары, ластаушы заттар және басқа да мәліметтер қамтылған.
Қазіргі уақытта Ұлттық деректер банкі алты модульден тұрады. Оның бірі – автоматтандырылған мониторинг жүйесі.
Жасанды интеллект ауытқуларды анықтайды
Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Ұлттық деректер банкіне «Экоагент» құралы енгізілді.
Данна Оразқалиеваның түсіндіруінше, ол экологиялық ақпаратты талдап, кәсіпорындарға берілген рұқсаттардағы мәліметтерді, белгіленген лимиттерді және табиғат пайдаланушылар ұсынған есептілікті өзара салыстырады.
Егер жүйе сәйкессіздік немесе қалыптан тыс ауытқуларды анықтаса, мемлекеттік инспекторға белгі беріп, тиісті ұсыным қалыптастырады.
Осылайша, цифрлық құрал мамандарға ықтимал заңбұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Азаматтардан 50 мыңға жуық өтініш түскен
Цифрландырудың тағы бір бағыты – халықпен өзара байланысты дамыту.
Осы мақсатта азаматтар қоршаған ортаның жай-күйіне қатысты өтініштерін жолдай алатын TazaQazBot жүйесі жұмыс істейді. Өтінішке фото мен бейне тіркеп, оқиғаның геолокациясын көрсетуге болады.
Данна Оразқалиеваның айтуынша, жүйе іске қосылғалы бері 50 мыңға жуық өтініш түскен, олардың 94 пайызы орындалған.
Осылайша, цифрлық құралдар мемлекеттік бақылау мен кәсіпорындармен жұмыс істеуде ғана емес, азаматтармен жедел байланыс орнату үшін де қолданылып келеді.