Қазақстанда 2025 жылғы егіс науқанына дайындық қызу жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында бұл мәселенің ерте қаралуы оның маңыздылығын көрсететінін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрліктің мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 23,8 млн гектар жерге орналастырылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 518 мың гектарға артық.
Ауыл шаруашылығы өнімін екі есеге арттыру мақсатында егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл 1 млн гектарға жуық алқап әртараптандырылса, рентабельділігі жоғары дақылдардың көлемі 750 мың гектарға ұлғаяды. Атап айтқанда:
• Майлы дақылдар – 365 мың га
• Азықтық дақылдар – 184 мың га
• Арпа – 114 мың га
• Қарақұмық – 41,5 мың га
• Картоп – 15 мың га, - деп айтты министр.
Оның сөзінше, бидай егістігін қысқарту үрдісі жалғасуда. Соңғы екі жылда оның көлемі 730 мың гектарға азайған. Биыл бұл көрсеткіш тағы 159 мың гектарға қысқарады.
Министрдің айтуынша, қабылданған шаралар аграрлық саланың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағалық ауытқу қаупін азайтады. Қазіргі таңда майлы дақылдар мен бұршақ тұқымдастарына ішкі және сыртқы нарықта сұраныс жоғары.
Мысалы, бидайдың орташа бағасы тоннасына 65-70 мың теңге болса, зығыр мен рапс бағасы 200 мың теңгеге дейін жетеді. Бұршақ тұқымдастары да топырақ құнарлылығын жақсартып, кейінгі егілетін дақылдардың өнімділігін арттырады. Мықты азықтық базаны қалыптастыру үшін мал азықтық дақылдарының егіс алқабы 3,4 млн гектарға жеткізіледі. Сонымен қатар, майлы дақылдар көлемі 3,3 млн гектарға дейін ұлғайып, бұл өңдеу кәсіпорындарының толық қуатта жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі отырыста.
Жалпы, жоспарланған шаралар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.