Қазақстанда донорлар азайып барады

Сенатор қан тапшылығы туындауы мүмкін екенін ескертті.

 ©BAQ.KZ архиві/Мақпал Орынбек Бүгiн 2026, 15:59
Бүгiн 2026, 15:59
351
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Мақпал Орынбек

Қазақстанда тұрақты донорлардың саны азайып, қалған еріктілерге түсетін салмақ артып келеді. Сенат депутаты Әлішер Сатвалдиев өңірлердегі халықпен кездесу қорытындысы бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдап, қан компоненттерінің жетіспеушілігі мен мамандар тапшылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатордың келтірген мәліметіне сәйкес еліміздегі донорлық деңгей 1000 тұрғынға шаққанда бар-жоғы 12 донацияны құрап отыр. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарынан әлдеқайда төмен көрсеткіш. Донорлықты материалдық және моральдық тұрғыдан тиімді ынталандыратын елдерде бұл көрсеткіш 30-40 донацияға дейін жетеді. Осыған байланысты депутат өтеусіз қан тапсыратын азаматтардың ынтасы төмен екеніне назар аударып, қолданыстағы өтемақы тетіктерінің ескіргенін атап өтті.

Өтеусіз донорлар үшін тегін тамақтанудың ақшалай баламасының мөлшері 0,25 АЕК деңгейінде белгіленген және бағаның өскені мен әлеуметтік-экономикалық ахуал өзгерген жағдайда да жылдар бойы қайта қаралмаған. Шын мәнінде, бұл тетік ынталандыру міндетін жоғалтты және көрсеткіш белгі сипатына ие болды. Халықаралық тәжірибе донорлықты кешенді ынталандырудың тиімділігін нақтылап отыр: бірқатар елдерде тамақтану мен жұмсалған уақыттың кешенді өтемақысы, сондай-ақ моральдық көтермелеу және қоғамдық тану қолданылады, - деді сенатор.

Депутаттық сауалда тек донорлық мәселесі ғана емес, қан қызметі саласындағы кадр мәселесі де жан-жақты талданды. Алишер Сатвалдиев медицина қызметкерлеріне біліктілік санаттарын беру және оны қалпына келтіру тәртібіндегі кедергілер тәжірибелі мамандардың жұмысқа деген ынтасын жойып жатқанын жеткізді.

Оның пайымдауынша, қолданыстағы ережелер білікті мамандарды бұрын расталған кәсіби деңгейін қайта бекіту мүмкіндігінен айырады. Бұл жағдай мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінен сапалы кадрлардың кетуіне тікелей әсер етіп отыр.

Осы түйткілдерді шешу үшін сенатор донорлық саласындағы мемлекеттік саясатты жаңартуды, еріктілерге берілетін өтемақы мөлшерін қайта қарауды және оларды адамгершілік тұрғыдан көтермелеу шараларын енгізуді ұсынды. Сонымен қатар біліктілік санаттарын беруді нормативтік реттеуді жетілдіріп, қан қызметін цифрландыру жұмыстарын күшейту қажеттігіне тоқталды.

Жанерке ЖӘКЕН

Наверх