Қазақстанда бөгеттерге су тасқынын ерте ескерту жүйесі енгізіледі
Қазақстанда бөгеттерге су тасқынын ерте ескерту жүйесі енгізіледі
Қостанай облысындағы Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймаларына су тасқынын ерте ескерту жүйесі енгізіледі. Пилоттық жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Қазақстанда су тасқыны қаупін алдын ала анықтап, гидротехникалық нысандарды басқару тиімділігін арттыруға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында Қостанай облысындағы Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймаларына су тасқыны мен су басу қаупі туралы ерте ескерту жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, «Қазақстандағы бөгеттерді кешенді басқару арқылы су тасқынына қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру» пилоттық жобасын іске асырып жатыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігі
Жобаның негізгі мақсаты – су тасқыны қаупін ерте анықтау жүйесін (EWS) енгізу, оның деректерін Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне біріктіру және гидротехникалық құрылыстардың заманауи дерекқорын қалыптастыру. Бұл шаралар өңірлердің су тасқынына төзімділігін арттыруға бағытталған.
Су ресурстары және ирригация министрлігі
Жоба аясында гидрологиялық модельдеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Оның нәтижелері су қоймаларындағы жағдайды бағалауға, ықтимал қауіптерді алдын ала болжауға және су шаруашылығы нысандарын басқару шешімдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Барлық іс-шара жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта гидрологиялық модельдеу нәтижелері әзірленіп жатыр. Жүйені енгізу су тасқыны кезеңдеріндегі тәуекелдерді азайту үшін Қазақстандағы су шаруашылығы нысандарын кешенді басқаруға мүмкіндік береді, – деді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.
Жобаны 2027 жылы аяқтау көзделген. Пилоттық кезеңнің нәтижелері Қазақстандағы басқа да гидротехникалық нысандарды басқару жүйесін жетілдіруге негіз болуы мүмкін.