Арнайы салық режимімен жұмыс істейтін кәсіпкерлер 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша айналым көлемі 30-40%-ға азайғаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мәлімдеді. Әсіресе, мұндай жағдай В2В сегментінде (яғни бизнес басқа бизнеске тауар мен қызмет көрсететін бағытта) байқалып отыр.
Мәселе жаңа Салық кодексінде жатыр. Оған сәйкес, ірі және орта компанияларға жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін және ҚҚС бойынша тіркелмеген кәсіпкерлермен жасалған операцияларды шегерімге жатқызуға тыйым салынған.
В2В сегментіндегі жағдайға қатысты кәсіпкерлер 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша арнайы салық режиміндегі төлеушілердің айналымы 30-40%-ға қысқарғанын айтып отыр. Бұл олардың қызметін тоқтату мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Үкімет айтып отырған салық түсімдерінің өсімі, олардың пікірінше, жұмыс істеп тұрған көптеген жеке кәсіпкерлердің жабылуы мен әлеуметтік шығындардың (жұмыссыздықтың) артуы есебінен қамтамасыз етіліп отыр, – делінген депутаттың Telegram-арнасында жарияланған жазбасында.
Оның айтуынша, көптеген кәсіпкерлер бұл үрдіс жыл соңына қарай күшеюі мүмкін деп алаңдап отыр. Себебі есеп беру кезеңі жақындаған сайын, қысқарған кәсіпорындар әрі бюджеттік шығындарды, әрі халықтың табысын қамтамасыз ете алмай қалуы ықтимал.