Бүгін, 6 тамызда Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында 10 орман өрті тіркелді.
Өрттер Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Көкшетау және Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында үш, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында бір жерде тіркелген.
Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» әуе патрульдері, ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің тұрақты бақылауының нәтижесінде дер кезінде анықталған.
Өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің мамандары, «Қазавиаорманқорғау» әуе өрт сөндіру десанттары, тікұшақтар, арнайы техника және өзара іс-қимыл аясындағы басқа да күштер мен құралдар жұмылдырылды.
Жауапты қызметтердің жедел әрі үйлесімді жұмысының арқасында өрттердің елді мекендер мен орман алқаптарына таралуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта өрт ошақтарын оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасуда. Жағдай тұрақты бақылауда.
Мамандар өрт қауіпті кезеңде тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.