Қазақстанда бір аптада 1500-ден астам адамды кене шаққан

Дәрігерлер кене энцефалиті мен өзге де қауіпті инфекциялардан сақ болуға шақырды.

 freepik.com Бүгiн 2026, 12:17
Бүгiн 2026, 12:17
142
Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, өткен аптада Қазақстанда кене шағудың 1599 жағдайы тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ

Оның 717-сі немесе 45 пайызы – балалар. Ең көп жүгіну Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында байқалған.

Дәрігерлер әрбір кене қауіпті бола бермейтінін, бірақ әр шағуға мұқият қарау қажет екенін ескертеді. Кененің инфекция тасымалдаушы екенін сыртқы түріне қарап анықтау мүмкін емес.

Кене арқылы жұғатын қауіпті аурулардың бірі – кене энцефалиті. Бұл орталық жүйке жүйесін зақымдайтын вирустық инфекция. Ауру ауыр неврологиялық асқынуларға, мүгедектікке, кей жағдайда өлімге алып келуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, вирус адам ағзасына жұқтырған кене жабысқан алғашқы минуттарда-ақ берілуі ықтимал.

Сондай-ақ кене шағуынан мынадай аурулар жұғуы мүмкін:

  • туляремия;
  • Лайм ауруы (кенелік боррелиоз);
  • Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы;
  • қайталамалы сүзек;
  • риккетсиоздар.

Кенелер сәуірден қазан айына дейін ерекше белсенді болады. Мамандардың айтуынша, кене қаупі тек орманды не таулы жерде ғана емес. Олар саябақтарда, аулаларда, саяжайларда, көгалдарда, биік шөп пен бұталардың арасында да кездеседі.

Қорғану жолдары

Табиғатқа шығар алдында сақтық шараларын сақтау маңызды:

  • ұзын жеңді, жеңі қысып тұратын жабық киім киіңіз;
  • шалбар балағын шұлықтың ішіне салыңыз;
  • бас киім мен биік аяқ киім қолданыңыз;
  • ашық түсті киім таңдаңыз, ондай киімде кенені байқау жеңіл болады.

Репеллент қолдану

Қосымша қорғаныс үшін кенені үркітетін арнайы құралдарды – репелленттерді пайдаланыңыз.

  • Репеллентті қолдану ережелері:
  • алдымен құралды киімге себіңіз;
  • теріге жағарда әуелі алақанға бүркіп алып, содан кейін көз бен шырышты қабаттарға тигізбей, ашық теріге абайлап жағыңыз;
  • балаларға арналған репеллент алдымен ересек адамның алақанына жағылып, кейін баланың терісіне таратылады.

Әсіресе биік шөп, бұталы жерлерде, саябақтарда, саяжайларда, орманды және таулы аймақтарда жүргенде репеллент қолдану өте маңызды.

Серуен кезінде биік шөп пен қалың бұталардың арасымен жүрмеген дұрыс. Ашық әрі жақсы көрінетін соқпақтарды таңдауға тырысыңыз.

Серуеннен кейін не істеу керек?

Үйге оралған соң денені мұқият қарап шығу қажет. Әсіресе мойынға, құлақтың артына, қолтыққа, шап тұсына және бастың шашты бөлігіне назар аударыңыз. Балалар мен үй жануарларын да тексеріңіз: кене солар арқылы үйге кіруі мүмкін.

Егер кенені байқасаңыз

Теріге жабысқан кенені байқасаңыз, оны қауіпсіз алып тастау және иммуноглобулинмен шұғыл профилактика қажет пе, соны анықтау үшін мүмкіндігінше тезірек медициналық мекемеге жүгінген жөн.

Ондай мүмкіндік болмаса:

  • кенені арнайы қысқышпен немесе пинцетпен теріге барынша жақын жерінен ұстаңыз;
  • оны теріге тік ұстап, жайлап жоғары қарай тартып шығарыңыз;
  • шаққан жерді антисептикпен өңдеңіз;
  • қолыңызды сабындап мұқият жуыңыз;
  • қажет болса, кенені герметикалық ыдысқа салып, зерттеуге апарыңыз.

Кенені алу кезінде не істеуге болмайды?

  • кенені қолмен езуге;
  • бұрап немесе қатты тартып шығаруға;
  • май, спирт, вазелин, тырнаққа арналған лак және басқа да «халықтық тәсілдерді» қолдануға;
  • кенені күйдіруге тырысуға болмайды.

Мұндай әрекеттер инфекция жұқтыру қаупін арттыруы мүмкін.

Дәрігерге қашан қаралу керек?

Кене шаққаннан кейін 30 күн бойы денсаулық жағдайын мұқият бақылау қажет. Дене қызуы көтерілсе, бас ауырса, әлсіздік, бұлшықет ауруы немесе бөртпе пайда болса, дереу дәрігерге қаралып, кене шаққанын міндетті түрде айту керек.

Кене энцефалитінен қорғанудың ең сенімді жолы – вакцина салдыру. Екпе ағзада тұрақты иммунитет қалыптастырып, аурудың ауыр өту қаупін айтарлықтай азайтады. Әсіресе табиғат аясында жиі жүретін, эндемиялық аймақтарда жұмыс істейтін немесе демалатын адамдарға вакцина алу маңызды.

Мамандар екпе алған күннің өзінде жеке қорғану шараларын ұмытпау керегін айтады. Табиғат демалыс сыйлауы тиіс, денсаулыққа қауіп төндірмеуі керек. Қорғаныс үйден шықпай тұрып басталады.

Наверх