Қазақстандықтар көлік жөндеу орталықтарының қызметіне жиі жүгінетін болды. 2026 жылдың алғашқы алты айында техникалық қызмет көрсету станциялары (ТҚК) 180 млрд теңгеге жуық сомаға қызмет көрсеткен. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 25%-ға артық, деп хабарлайды BAQ.KZ energyprom.kz-ға сілтеме жасап.
Шын мәнінде, өсімнің бір бөлігі қызмет бағасының қымбаттауымен түсіндіріледі. Инфляцияны ескерер болсақ, нарықтың нақты өсімі шамамен 8%-ды құрады.
Пандемиядан кейін ТҚК нарығы қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы автосервистер 435,3 млрд теңге табыс тапты – бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен салыстырмалы түрде 35%-ға дерлік жоғары. 2020 жылмен салыстырғанда нарық төрт еседен астам өскен.
Ең көп табыс Алматы мен Астанада
Нарықтың басым бөлігі ірі қалаларда шоғырланған. Көш басында – Алматы. Мұнда бір жыл ішінде автосервистер 139,3 млрд теңгенің қызметін көрсеткен. Екінші орында 73,1 млрд теңге көрсеткішімен Астана тұр, ал үшінші орынды Атырау облысы иеленді – 34,9 млрд теңге.
Осы үш өңір бірігіп елдегі автосервис қызметі нарығының жартысынан астамын қамтамасыз етіп отыр.
ТҚК санының көп болуы әрдайым жоғары табысты білдірмейді
2025 жылдың соңында Қазақстанда 8,9 мыңға жуық техникалық қызмет көрсету станциясы жұмыс істеген. Ең көп ТҚК Алматыда, Қарағанды облысында және Астанада орналасқан. Дегенмен автосервистер саны олардың табысын әрдайым айқындай бермейді.
Маселен, Атырау облысында бары-жоғы 196 ТҚК жұмыс істейді, бірақ олардың әрқайсысы орта есеппен жылына 178 млн теңгеге жуық табыс табады. Бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Салыстырмалы түрде алсақ:
-
Алматыда бір станция орта есеппен 110 млн теңгеге;
-
Астанада – шамамен 95 млн теңгеге қызмет көрсетеді;
-
Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш – бір ТҚК-ға шамамен 49 млн теңгеден келеді.
Айырмашылық неліктен мұндай?
Сарапшылар мұны барлық автосервистің бірдей жұмыс атқармайтындығымен түсіндіреді. Май немесе фильтрлерді әдеттегідей ауыстыру шанақты жөндеуге ( кузовной ремонт), коммерциялық техникаға қызмет көрсетуге немесе заманауи автокөліктерді күрделі жөндеуге қарағанда аз табыс әкеледі.
Бұдан бөлек, әртүрлі өңірде қызмет көрсету құны, сервистердің жүктемесі және жөндеуге келетін көліктердің деңгейі де әртүрлі.