2025 бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде мектеп оқушыларының 7 пайызында көру, жүйке жүйесі және тірек-қимыл аппаратына қатысты түрлі патологиялар анықталды. Бұл көрсеткіш кейбір аймақтарда 10 пайызға дейін жеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұл Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Өткен жылы жүргізілген профилактикалық медициналық тексерулер нәтижесінде анықталған патологиялардың құрылымында көру мүшелерінің аурулары басым. Атап айтқанда, олардың үлесі шамамен 40 пайызды құрайды.
Сонымен қатар жүйке жүйесі патологиялары – 9,4 пайыз, ал сколиоз секілді тірек-қимыл аппараты аурулары шамамен 6 пайызға тең.
Манар Асырқызы бұл жағдайдың негізгі себептерінің бірі ретінде мектептердегі жиһаздың балалардың физиологиялық дамуына сәйкес келмеуін атап өтті.
Парталар мен орындықтардың оқушылардың бойына сай болмауы, сондай-ақ жиһаздың дұрыс орналастырылмауы балалар денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр. Осыған байланысты алдағы мониторингтер барысында мектеп жиһазының жас ерекшелігі мен бойына сәйкестігі тексеріліп, микроклимат, жарықтандыру және шу деңгейіне өлшеулер жүргізіледі, - деді ол.
Сондай-ақ спикер былтыр Қазақстанда қызылшаның 4 240 жағдайы тіркелгенін айтты. Оның ішінде 3,5 мыңнан астамы балалар мен жасөспірімдер арасында анықталған. Жалпы жағдайлардың шамамен 80 пайызы вакцина алмаған балаларға тиесілі болған.
Эпидемиологиялық тергеу нәтижелері қызылшаның басым бөлігі вакцинациядан өтпеген балалар арасында таралғанын көрсеткен. Бұған дейін індетке қарсы шаралар көбіне ауру тіркелгеннен кейін ғана жүргізілсе, жаңа мониторинг аясында вакцина алмаған балаларды алдын ала анықтап, уақтылы профилактикалық іс-шаралар қабылдау көзделіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін елімізде балаларға арналған нысандарды санитариялық бақылау тәртібі күшейтілгенін жаздық.
Жанерке ЖӘКЕН