Қазақстанда аналарға қандай жәрдемақы төленеді?

12 Желтоқсан 2023, 15:33
5618
Бөлісу:
Қазақстанда аналарға қандай жәрдемақы төленеді?
Фото: Артём Чурсинов - архив

Елімізде бала туып, оны бағып отырған аналарға 5 түрлі жәрдемақы төленеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаты Гаухар Танашеваның сауалына берген ресми жауабында айтты.

Депутат қандай ұсыныс айтты?

Бұған дейін депутат Танашева Үкіметке «Отбасы капиталы» бағдарламасын енгізуді ұсынған болатын. 

Елімізде 550 мың көпбалалы және 107 мың ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар, олардың жартысынан көбі баспанасыз.

Қаншама ата-аналар ақша табу үшін бірнеше жұмыста істеп, балаларын үйде қараусыз қалдыруға мәжбүр. Сол себепті ең алдымен балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын, тәрбиесін бірінші орынға қоюмыз керек. Біз жеріміз, еліміз бай деп мақтанамыз. Онда бұл мәселелер қайдан шықты? Атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай, төмен айлық пен жәрдемақыны жеткізе алмай, несиеге батқан біздің халқымыз не істейді? Сондықтан біз осындай мәселелердің алдын алатындай шара жасауымыз керек. Ол халықтың емін-еркін күнкөруіне көмектесетін кез келген үкімет тарапынан көмек: айлық пен жәрдемақы мөлшерін көтеру, үй алу жолдарын қолжетімді жасау, - деп дейді Гаухар Танашева.

Депутат демографияны көтеріп жатқан көпбалалы отбасылардың біразы кедейшілікте өмір сүріп жатқанын атап өтті.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары отбасында төртінші бала туылғанда немесе отбасыда ерекше бала болса 5 000 АҚШ доллары, яғни 2 млн 300 мың теңге мөлшерінде «Отбасы капиталы» бағдарламасын іске қосуды ұсынады. Бұл капитал үш бағытта жұмсалу жоспарланады. Бірінші, үйсіз жүрген отбасыларымыз баспаналы болу мүмкіндігі пайда болады. Екіншісі, білім ала алмай жүрген көпбалалы отбасынан шыққан балалардың арманы орындалады. Үшіншіден, бұл қаражатты отбасылар балаларының денсаулығын жақсартуға қолдана алады, - деп ұсыныс айтты Танашева.

«Отбасы капиталы» сияқты мемлекеттік қолдаудың мұндай жүйесін енгізу елімізде халық санын айтарлықтай арттырады және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қай жағынан болса да нақты көмек болады.

Қазақстанда аналарға қандай жәрдемақы төленеді?

Қазақстанда ана мен баланы қорғау жүйесі халықаралық тәжірибені және еліміздің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып қабылданған.

Бүгінгі таңда бала туып, бала бағып отырған аналарға отбасының табысына қарамастан 5 түрлі жәрдемақы беру қарастырылған, - деді Үкімет басшысы.

Мынадай жәрдемақы түрлері бар:

1) жұмыс істейтін аналарға, егер олар Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушысы болса, жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем төленеді;

2) бала тууға байланысты бір реттік мемлекеттік жәрдемақы беріледі:

- 1-3 баланың тууына бір реттік төлем 38 АЕК – 121 100 теңге;

- 4 және одан да көп балаға 63 АЕК – 217 350 теңге.

3) бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне ай сайын жәрдемақы беріледі:

- жұмыс істемейтін әйелдерге республикалық бюджеттен жәрдемақы беріледі. Атап айтқанда, бірінші балаға – 5,76 АЕК, ол 19 872 теңге, екінші балаға – 6,81 АЕК, ол 23 495 теңге, үшінші балаға – 7,85 АЕК, яғни 27 083 теңге, 4 және одан да көп балаға – 8,90 АЕК, яғни 30 705 теңге;

- жұмыс істейтін әйелдерге, егер олар Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болса, бала күтіміне берілетін әлеуметтік төлем соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы көлемінде төленеді;

4) баласы бір жарым жасқа толғанға дейін анасы оның күтіміне байланысты кірісінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алушылардың пайдасына қосымша белгіленген міндетті зейнетақы жарналары бюджет қаражаты есебінен субсидияланады;

5) мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғаны үшін жәрдемақы беріледі, шамамен 56 794 теңге көлемінде.

Сонымен қатар кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар аналарға жәрдемақы бала санына сәйкес сараланып төленеді.

- 4 баласы бар отбасылар үшін жәрдемақы мөлшері 16,03 АЕК – 55 304 теңге;

- 5 баласы бар отбасылар үшін 20,04 АЕК – 69 138 теңге;

- 6 баласы бар отбасылар үшін 24,05 АЕК – 82973 теңге;

- 7 баласы бар отбасылар үшін 28,06 АЕК – 96807 теңге;

- 8 және одан да көп балалардан – әр балаға 4 АЕК.

Алты және одан да көп баланы дүниеге әкелген аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгісімен марапатталады. Оларға ай сайын сәйкесінше 7,4 АЕК, яғни 2 5530 теңге және 6,4 АЕК, яғни 22 080 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Яғни, барлық санаттағы көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналар мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақымен толық қамтылған. Жоғарыда айтылған мақсаттарға биыл 1,2 трлн теңге бөлінді. Осы кешенді жүйе Қазақстанда бала туу көрсеткішінің өсуіне және халық саны 20 млн адамға жетуіне зор септігін тигізді, - делінген Смайылов жауабында.

Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында балалар капиталын қалыптастыру үшін арнаулы заң қабылданды. Онда Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігін балалардың есепшотына аударып, оны білім алу және тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін жұмсауға мүмкіндік беру көзделген.

Депутат өзінің сауалында Ресей Федерациясының тәжірибесін мысалға келтірген болатын. Премьер-министр көрші елдің аналар капиталы тәжірибесін зерделегенін айтты. Сөзінше, ол ең біріншіден туу көрсеткішін өсіруге бағытталған.

Атап айтқанда, Ресейде 2023 жылғы 1 ақпаннан бастап ана капиталы бірінші балаға 587 мың рубльді (3 064 мың теңге), екінші балаға 775,6 мың рубльді (4 048 мың теңге) құрады, бұл ретте, егер отбасы бұрын бірінші балаға ана капиталын алса, екінші балаға қосымша төлем мөлшері 188,7 мың рубль (985 мың теңге). Төлем сертификат түрінде рәсімделеді және оны бала үш жасқа толғаннан кейін ғана белгілі бір мақсаттарға жұмсай алады (тұрғын үй сатып алуына, білім алуына жұмсауға). Алайда оны пайдалану үшін төлем қабілеттілігін растау қажет, - дейді Әлихан Смайылов.

Ал біздің елімізде қарастырылған жәрдемақының Ресейдегі жүйеден айырмашылығы ол ай сайын төленеді және оны қолдануға шектеулер жоқ.

Мысалы, Қазақстанда биыл 4 баласы бар отбасына ай сайын 55 304 теңге төленіп жатыр, оның көлемі жыл сайын өсіп жатқанын ескерсек, берілетін жәрдемақының жалпы сомасы орта есеппен алғанда баланың кәмелеттік жасқа толғанға дейін 11,9 млн теңге болады. Бұл көрші елдердің төлемақысынан бірнеше есеге артық және әлдеқайда тиімді.

Өзгелердің жаңалығы