Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда ана өлімі 35%-ға азайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада өткен Орталық Азиядағы әйелдер мен жастар денсаулығына климаттық және экологиялық қауіптердің әсеріне арналған халықаралық сессияда мәлімдеді, деп хабаолайды BAQ.KZ.
Министрліктің дерегінше, ана мен бала денсаулығына қатысты негізгі көрсеткіштер жақсарып, нәресте және перинаталдық өлім деңгейі де төмендеген. Бұл нәтижелер жүйелі реформалар мен медициналық көмектің заманауи стандарттарын енгізудің арқасында мүмкін болған.
Сонымен қатар, ведомство басшысы климат өзгерісінің денсаулыққа әсері күшейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, температураның көтерілуі мен экологиялық факторлар инфекциялық және жүрек-қантамыр ауруларының қаупін арттырып, әйелдердің репродуктивтік денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Елімізде жүкті әйелдерді ерте бақылауға алу шаралары күшейтілген. Қазіргі таңда жүкті әйелдердің 90%-дан астамы жүктіліктің алғашқы 12 аптасында есепке алынады. Сондай-ақ «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылып, алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде және өңірлік перинаталдық орталықтарда әйелдер консультацияларының жұмысы жанданды.
Бұдан бөлек, «Бір күндік клиника» жобасы іске асырылуда. Ол туа біткен даму кемістіктері мен хромосомалық патологияларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Жастар арасында да алдын алу жұмыстары күшейтілген. Республика бойынша жастар денсаулық орталықтары жұмыс істеп, репродуктивтік және психикалық денсаулық мәселелері бойынша кеңес береді.