Қазақстанда ана мен бала өлімі едәуір төмендеді

24 Қаңтар 2023, 15:57
1231
Бөлісу:
Қазақстанда ана мен бала өлімі едәуір төмендеді

Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығына қатысты 2022 жылы атқарылған шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ.  

2022 жылы Қазақстанда ана өлімі едәуір қысқарып, нәресте өлімі 2021 жылмен салыстырғанда 6,0%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіш бірқатар бағыттар бойынша қабылданған кешенді шаралардың арқасында мүмкін болды. Сонымен, пренаталдық бақылаумен қамту күшейтілді (99,2%), жүкті әйелдерді 12 аптаға дейін ерте қамту 5%-ға өсіп, 89,5% -ды құрады. Пренаталдық ультрадыбыстық скринингпен қамту 5%-ға, биохимиялық скринингпен қамту 10%-ға артты, сондай-ақ балаларды 1 жасқа дейін проактивті бақылаумен және скринингпен қамту 81%-ға дейін өсті.

Жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге білікті медициналық көмек көрсету үшін 18 ұрықты сақтау орталығы ұйымдастырылды. Пренаталдық диагностика бойынша 150-ден астам ультрадыбыстық маман оқытылды.

Бір жылдың ішінде Министрліктің мамандары аналардың сырқаттанушылығы мен өлімін төмендету мақсатында ауыр жағдайдағы жүкті, босанатын және босанған әйелдерге күнделікті мониторинг жүргізді.

2022 жылы «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының» ресурстарын пайдалана отырып, ғылыми және республикалық клиникалардың профессорларымен және жетекші бейінді мамандарымен бірлесіп жүктілік және босану ағымы асқынған 910 әйелге 1391 медициналық қызмет көрсетілді.  Санитариялық авиациямен 200 ұшу орындалды: 21 әйелге операция жасалып, ауыр жағдайда 180 пациент облыстық және республикалық клиникаларға жеткізілді, - делінген министрлік хабарламасында.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыр жағдайдағы әйелдердің 1237 немесе 96%-ы құтқарылды.

Өзгелердің жаңалығы