Қазақстанда алғаш рет креатив күні аталып өтеді

22 Сәуір 2025, 09:42
532
Бөлісу:
Қазақстанда алғаш рет креатив күні аталып өтеді
Фото: Артём Чурсинов

21-26 сәуір аралығында Астана, Алматы, Атырау, Өскемен, Павлодар, Шымкент және басқа да қалаларда Дүниежүзілік креатив күні аясында алғаш рет Ұлттық креатив фестивалі өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оған шығармашылық саласының жүздеген өкілі қатысады. Фестиваль отандық мәдениет, өнер және білім беру саласы өкілдерінің басын қоспақ.

Іс-шараны Қазақстанның креативті индустрия альянсы (CIAQ) ұйымдастырады. Сонымен бірге Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы, Астана қаласының "Астана жастары" жастар ресурстық орталығы" КММ, Астана қаласының "Орталықтандырылған кітапхана жүйесі" КММ, Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы, Jas Almaty, Almaty Creative креативті индустрияларды дамыту орталығы, Алматы қаласының комьюнити-орталықтар желісі, Павлодар қаласының "Жастар бастамаларын дамыту орталығы" КММ, Oskemen Creative және жергілікті хабтар, ЖОО, қауымдастықтар және бизнес өкілдерінің қолдауымен өтеді.

Қазақстанда алғаш рет креатив күні аталып өтеді

Биыл Қазақстан ресми түрде World Creativity and Innovation Day (БҰҰ жаһандық деңгейде маңызды деп таныған) мерекесін атап өтетін елдердің қатарына қосылды. Осы мақсатта ел тұрғындарына арналған Ұлттық креатив фестивалі ұйымдастырылмақ, - деп атап өтті CIAQ атқарушы директоры және Астана қаласындағы фестиваль үйлестірушісі Давид Туганов.

Фестиваль аясында қатысушы қалаларда төмендегі іс-шаралар жоспарланған:

  • шеберлік сабақтары, дәрістер, шығармашылық зертханалар;
  • дизайнерлер, суретшілер, иллюстраторлар көрмелері;
  • қолөнершілер жәрмеңкесі;
  • өнерпаздардың көпшілік алдында өнер көрсетуі, перформанстар және мәдени бағдарламалар;
  • білім беру ұйымдарының, қалалық бастамалардың, бизнес пен қоғамдық ұйымдардың жобаларын таныстыру.

Ұлттық креатив фестивалінің мақсаты – ел тұрғындары мен қонақтарына іс-шараның қатысушыларымен танысуға мүмкіндік беру және креативті индустрияның дамуын қолдау. Бүгінде бұл сала әлемнің көптеген елінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бизнестің дамуына, мәдени құндылықтарды жаһанға танытуға және инновацияға оң әсер ететін қозғаушы күш ретінде танылды.

БҰҰ мәліметі бойынша, жаһандық деңгейде креатив индустрияларға әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 3,1%-ы тиесілі және бұл салада еңбекке қабілетті халықтың 6,2%-ы жұмыс істейді. Олардың ішінде жастар айрықша үлеске ие. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай бұл сала әлемдік ЖІӨ-нің 10%-ын құрауы мүмкін. Ал Қазақстанда 2029 жылға дейін креативті индустриялардың ел экономикасына қосатын үлесі 2%-ға дейін өседі деп күтіліп отыр.

Қазақстанда алғаш рет креатив күні аталып өтеді

Креатив – болашақтың сарқылмас ресурсы. Бұл фестиваль шығармашылық қауымдастықтарды ғана емес, сонымен қатар еліміздің барлық аймағын қамтитын тұрақты креативті экожүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болмақ. Мұнай бір күні таусылады, ал креатив шексіз, - деді Давид Туганов.

Еске салайық, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2017 жылы 21 сәуірді Дүниежүзілік креативтілік пен инновациялар күні деп жариялаған болатын. Бұл күннің мақсаты – шығармашылық қызметтің адам өмірінің барлық саласындағы маңыздылығына назар аудару.

Фестивальді ұйымдастыру комитеті атап өткендей, Қазақстанның Дүниежүзілік креативтілік күніне қосылуы – еліміздің креативті экономикасын дамытудағы үлесінің мойындалуы және мәдениет, білім мен инновациялар салаларындағы халықаралық ықпалдастық жолындағы маңызды қадам. Ұйымдастырушылар 2026 жылы фестиваль аясын кеңейтіп, елдің барлық өңірлерін қамтуды жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы