Қазақстанда трансплантология саласы қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары әлеуетті мәйіттік донорлар саны төрт есеге жуық, ал мультиағзалық донорлық процестер саны үш есеге артқан. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, бүгінде трансплантацияны күту парағында 4739 пациент тұр. Оның ішінде 4208 адамға бүйрек, 293 адамға бауыр, 208 адамға жүрек, 30 адамға өкпе және 5 адамға жүрек-өкпе кешенінің трансплантациясы қажет.
2025 жылы елімізде 18 мультиағзалық донорлық процесс жүзеге асырылып, оның нәтижесінде 68 трансплантация операциясы жасалды. Жалпы өткен жылы қазақстандық дәрігерлер 310 ағза трансплантациясын орындаған.
Ал 2026 жылы Қазақстанда алғаш рет балаға жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. Мамандар мұны отандық трансплантология мен кардиохирургияның дамуындағы маңызды жетістік ретінде бағалайды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры Айдар Ситқазиновтың айтуынша, бүгінде елде трансплантация жасауға қажетті барлық медициналық жағдай қалыптасқан.
Трансплантациялық орталықтар жұмыс істейді, мамандар даярланған, трансплантациялық үйлестіру жүйесі жетілдіріліп жатыр. Алайда негізгі мәселе – медицинаның мүмкіндігі емес, халықтың ақпараттану деңгейінің төмендігі және азаматтардың көзі тірісінде өз шешімін нақты білдірмеуі, – деді ол.
Баспасөз мәслихатында журналистер қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты бірқатар өзекті сауал қойды. Соның бірі – адам көзі тірісінде ағза донорлығына келісім бергенімен, кейін оның туыстары қарсылық білдіретін жағдайлардың кездесуі.
Айдар Ситқазиновтың айтуынша, әзірге мұндай жағдай тіркелмеген.
Егер азамат көзі тірісінде донорлыққа келісім бергені немесе одан бас тартқаны туралы ерік білдірмесе, қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті түрде оның жақын туыстарының келісімі сұралады, – деді ол.
Сондай-ақ журналистер қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген азаматтардың туыстарына қандай да бір материалдық ынталандыру қарастыру мүмкіндігін сұрады.
Орталық директорының сөзінше, әлемдік тәжірибеде донорлық адамгершілік пен альтруизм қағидаттарына негізделген тегін әрі қайтарымсыз жүйе болып саналады. Қазақстан да осы ұстанымды сақтайды. Сондықтан қазіргі уақытта донорлардың туыстарына материалдық қолдау көрсету мәселесі қарастырылып отырған жоқ.
Сонымен қатар моральдық қолдау шаралары бар. Атап айтқанда, донорлыққа келісім берген азаматтардың туыстарына Денсаулық сақтау министрлігі атынан алғыс хаттар жолданып, ризашылық білдіріледі.
Баспасөз мәслихатында тағы бір маңызды мәселе көтерілді. Журналистер азаматтың донор болуға берген келісімін нотариалды түрде бекіту мүмкіндігі бар-жоғын сұрады.
Айдар Ситқазиновтың айтуынша, қолданыстағы заңнамада мұндай мүмкіндік көзделмеген.
Ең маңыздысы – адамның көзі тірісінде қабылдаған шешімін отбасы мүшелеріне алдын ала айтуы. Қазір қайтыс болғаннан кейінгі соңғы шешім жақын туыстарының келісіміне байланысты қабылданады, – деді ол.
Бүгінде eGov порталы арқылы 172 мыңнан астам қазақстандық қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз еркін білдірген.
Денсаулық сақтау министрлігі трансплантация жүйесін жетілдіру, заңнаманы дамыту және қоғаммен ашық диалог жүргізу жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, әрбір донорлық шешім бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Астанада донорлық ағзаға мұқтаж жандар туралы фильм көрсетілгені
хабарланды.
Еске салайық, содан кейін Аида Балаева ағзаны донорлыққа беруді құптайтынын
жеткізді.
Сондай-ақ, қазақстандық кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Юрий Пя Қазақстан Орталық Азияда трансплантология саласы бойынша көшбасшы орындарға ие екені, бірақ жасалатын операциялардың саны пациенттердің қажеттілігінің аз ғана бөлігін жабатыны
туралы айтты.