Қазақстанда АЭС-ті кім салатын болды?

30 Желтоқсан 2022, 13:36
792
Бөлісу:
Қазақстанда АЭС-ті кім салатын болды?

Энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте елімізде АЭС-ті кім салатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда 4 мердігер компания бойынша таңдау жүргізіліп жатыр. Олар: қытайлық CNNC, кореялық KHNP, ресейлік «Росатом» және француздық EDF.

Мен шенеунік ретінде олардың қайсысын таңдайтынымды айта алмаймын. Елімізге не керек екенін таңдауымыз керек. Бұл сұрақты кешенді түрде таңдауымыз керек. Бізге ең алдымен станцияны салудағы маңызды мәселе – қауіпсіздік. Қазақстан тек станция ғана емес, тәжірибе мен компаниялардың салалық дамуының әдістерін жинауы керек. Оның ішінде кадр да бар. Бізге өте көп кадр керек. Станция салатын адамдар қазақстандықтардың ішінен көптеген маманды оқытып кетуі керек. Болашақта өзіміздің мамандар да оны (станция - авт.) іске қосып, жаңа станциялар жайлы ойлану  керек болады, - деді Болат Ақшолақов. 

Министр атағандай, 2009 жылдан бастап Қазақстан табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында.

Биылдың қорытындысы бойынша уран өндіру 21,6 мың тонна көлемінде деген болжам бар. Осы жылы желтоқсанда Қытайға жылу бөлетін жинақтардың бірінші партиясы жеткізілді. Атом электр станциясын салудың оңтайлы орны ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы ұсынылды, - деді Болат Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жасау жоспарланып отыр. 

Одан бөлек, Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жасауда атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің миссиясын ұйымдастыру жоспарланып отыр, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы