Алматы облысындағы Үлкен ауылының жанында Қазақстан тарихындағы алғашқы атом электр станциясының құрылыс жұмыстарына ресми түрде бастау берілді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараға ҚР Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев, "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Алмасадам Сәтқалиев бұл салтанатты рәсім Қазақстандағы АЭС құрылысына дайындықтың негізгі кезеңі – инженерлік-іздестіру жұмыстарының басталуын білдіретінін атап өтті. Бұл кезеңнің нәтижесіне тек станцияның нақты орналасатын орны мен конфигурациясы ғана емес, сонымен қатар оның қауіпсіздігі, сенімділігі және экономикалық тиімділігі де байланысты екенін айтты.
Оның айтуынша, АЭС құрылысы жобасы кең қоғамдық қолдауға ие. Өткен жылы республикалық референдумда ел халқының 70%-дан астамы бұл бастаманы қолдаған. Әсіресе Үлкен ауылының үлгісі ерекше: мұнда сайлауға тұрғындардың 97%-ы қатысып, олардың шамамен 90%-ы "қолдаймын" деп дауыс берген.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 14–15 миллиард долларды құрайды. Қосымша 1 миллиард доллар әлеуметтік нысандар мен заманауи инфрақұрылым құрылысына бөлінеді, – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Ол жобада қазақстандық кәсіпорындар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының белсенді қатысуына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Бұл жергілікті өндірісті жаңа деңгейге көтеруге, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ ядролық ғылымды халықаралық стандарттар бойынша дамытуға мүмкіндік береді.
Сәтқалиевтің айтуынша, АЭС – атом өнеркәсібін, индустриялық-инновациялық дамуды және елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсімін қамтамасыз ететін стратегиялық жоба.
Салтанатты шара аясында топырақ алу үшін бұрғылау жұмыстары да басталды. Үлгілері бар капсула зерттеу жүргізу үшін Ресей тарапына беріледі.
Еске салсақ, еліміздегі алғашқы атом электр станциясының макеті көрсетілді.