Қазақстанда 9,5 мыңнан аса адамды кене шаққан

Ал Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша жыл басынан бері 1 өлім жағдайы тіркелген.

Бүгiн 2026, 10:26
АВТОР
 shutterstock.com Бүгiн 2026, 10:26
Бүгiн 2026, 10:26
154
Фото: shutterstock.com

Қазақстанда кене шағу деректері көбейіп жатыр. Жыл басынан бері елімізде 9599 адам кене шағуына байланысты медициналық көмекке жүгінген. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жолдаған жауабында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлім етті.

Комитеттің мәліметінше, биыл Алматы қаласында кене энцефалитінің 2 жағдайы тіркелген. Ал Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) бойынша 6 расталған жағдай анықталған. Оның ішінде:

Түркістан облысында – 2 жағдай;

Қызылорда облысында – 3 жағдай;

Жамбыл облысында – 1 жағдай.

Ведомство КҚГҚ бойынша жыл басынан бері 1 өлім жағдайы тіркелгенін де растады.

Кене шақса, не істеу керек?

Мамандар кене шаққан жағдайда уақыт жоғалтпай, бірден медициналық мекемеге жүгінуге кеңес береді. Әсіресе кене энцефалиті таралған аймақтарда шұғыл профилактика маңызды. Комитет мәліметінше, кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин алғашқы 3 тәулік ішінде ғана тиімді саналады.

Эндемиялық аймақтарда азаматтар травматологиялық пунктке, инфекциялық ауруханаға немесе тіркелген жері бойынша емханаға қаралуы тиіс. Дәрігерлер кенені алып тастап, оны зертханалық тексеруге жібереді. Егер кенеден вирус анықталса, науқасқа арнайы иммуноглобулин егіледі.

Қазір Қазақстанда кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймақтарға:

  • Алматы,
  • Алматы облысы,
  • Шығыс Қазақстан облысы,
  • Жетісу облысы,
  • Абай облысының Көкпекті ауданы,
  • Ақмола облысының Сандықтау ауданы,
  • Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы жатады.

Комитет аталған өңірлерде дезинсекциялық жұмыстардың бірінші кезеңі аяқталғанын хабарлады. Қазір Алматы қаласында екінші кезең басталған.

Ал Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эндемиялық аумақтарда – Түркістан облысы, Қызылорда облысы, Жамбыл облысы және Шымкент қаласында кенеге қарсы арнайы өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті әлеуметтік желілерде тараған «кенелер Ресейден ағаш арқылы келіп, таралып жатыр» деген ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство бұл мәліметтердің негізсіз екенін мәлімдеді.

Кенеден қалай қорғануға болады?

Дәрігерлер Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы мен кене энцефалитінің алдын алу үшін табиғат аясында сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.

Мамандардың айтуынша, табиғатқа шыққанда кенелерді үркітетін арнайы аэрозольді репелленттерді қолдану қажет. Сонымен қатар киімге жабысқан кенелерді дер кезінде анықтау үшін өзін-өзі және бір-бірін жиі тексеріп отыру маңызды.

Ауыл шаруашылығы жануарларын қырқу немесе жүнін өңдеу кезінде қорғаныш киімі мен қолғап кию ұсынылады. Егер арнайы қорғаныш костюмі болмаса, киімнің үстіңгі бөлігін шалбардың ішіне салып, шалбардың балағын шұлықтың ішіне кіргізу керек. Сондай-ақ табиғи ошақтардағы мал қоралары мен жануарларға кенеге қарсы арнайы өңдеу жүргізілуі тиіс.

Ал кене энцефалитінің алдын алу үшін мамандар дененің ашық бөліктерін толық жабатын киім киюге кеңес береді. Табиғаттан оралған соң адамның өзін, жанындағы адамдарды, үй жануарларын, сондай-ақ табиғаттан алып келген заттар мен гүл шоқтарын мұқият тексеру қажет.

Еске салсақ, Алматыда екі адам кене шаққаннан кейін қауіпті ми ауруын жұқтырған.

Тағы оқи отырыңыз: Астанадағы саябақтарда кене бар ма? – Мамандар эпиджағдай туралы айтты 

Астанада кене шақса, қайда қаралу керек?

Қарағанды парктерінен 5 мыңнан аса кене анықталды

Наверх