- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендете ме? Сарапшылар басты шарттарды атады
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендете ме? Сарапшылар басты шарттарды атады
18% деңгейіндегі базалық мөлшерлеме экономика мен теңгеге қалай әсер етіп жатыр және оны төмендету қашан мүмкін болуы ықтимал?
Бүгiн 2026, 20:30
Сәуір айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалды. Қаржы реттеушісі бұл көрсеткішті 2025 жылдың қазан айынан бері өзгеріссіз ұстап отыр. Бұл шешім экономикаға қалай әсер етті және мөлшерлеме қандай жағдайда төмендеуі мүмкін? BAQ.KZ тілшісі сарапшылар пікірін саралады.
«Тым жоғары базалық мөлшерлеме экономика үшін оң фактор емес»
2026 жылдың сәуірінде Қазақстандағы инфляция 10,6%-ды құрады. Наурыз айында бұл көрсеткіш 11% болған. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 12,3%-ға жеткен.
R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде сақталуының экономика үшін оң және теріс әсері бар.
Оның сөзінше, бір жағынан бұл шара инфляцияны тежеуге көмектессе, екінші жағынан бизнес пен халық үшін несиелерді қымбаттатады.
Тым жоғары базалық мөлшерлеме өздігінен экономика үшін оң фактор емес. Мемлекеттік қолдаусыз бизнес толыққанды дами алмайды. Сондықтан даму институттары арқылы қолдау қажет.
Жоғары мөлшерлеме кредит ресурстарының қымбаттауына әкеледі. Әсіресе кәсіпкерлер мен тұтынушыларға ауыр тиеді. Бұл несиені пайдаланатын азаматтардың шығынын арттырады, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, несие құнының өсуі әсіресе табысы төмен азаматтарға әсер етеді. Себебі олар тұтынушылық несиелерді жиі пайдаланады. Соның салдарынан халық табысының едәуір бөлігі қарызды өтеуге жұмсалып, экономикалық белсенділік төмендейді.
Арман Байғановтың пікірінше, қатаң монетарлық саясат инфляцияны тежеуге мүмкіндік бергенімен, белгілі бір кезеңде экономикадағы ақша массасын қысқартып, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін де әлсіретуі мүмкін.
Сарапшы азық-түлік инфляциясының жоғары болуын Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігінің төмендігімен байланыстырады.
Базалық мөлшерлеме теңгеге қалай әсер етеді?
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев Ұлттық банктің мөлшерлемені көтеру туралы шешімі белгілі бір нәтиже бергенін, алайда күткен деңгейде болмағанын айтады.
Ұлттық банк 2025 жылдың қазанында инфляцияны тежеу үшін мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді. Бірақ жыл қорытындысында инфляция 12,3% болды. 2026 жылдың сәуірінде – 10,6%, наурызда 11% еді. Төмендеу үрдісі бар, бірақ баяу әрі тұрақсыз, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, қазіргі инфляцияның басты ерекшелігі – оның монетарлық емес сипаты.
Біздегі инфляцияға коммуналдық тарифтердің өсуі, Ресей арқылы келетін импорттық инфляция және девальвациялық күтулер әсер етіп отыр. Ал базалық мөлшерлеме мұндай факторларға шектеулі деңгейде ықпал етеді. Яғни құрал жұмыс істеп тұр, бірақ қазіргі инфляция түріне толық сәйкес келмейді, – деп түсіндірді Чеботарев.
Оның айтуынша, жоғары базалық мөлшерлеме теңгені қолдаудың негізгі құралдарының бірі болып отыр.
Жоғары мөлшерлеме теңгелік құралдарды тартымды етеді. 17–18% деңгейіндегі депозиттер долларландырумен бәсекелесе алады. Бұл теңгеге сұранысты сақтайды. Алайда мұның кері жағы да бар. Қазіргі жағдайда теңгенің тұрақтылығы белгілі бір деңгейде жасанды сипатқа ие. Ол жоғары мөлшерлеме мен мұнай табысына сүйеніп тұр. Осы факторлардың бірі әлсіресе, валюта бағамына қысым қайта күшеюі мүмкін, – деді сарапшы.
Базалық мөлшерлеме қандай жағдайда төмендеуі мүмкін?
Арман Байғановтың айтуынша, Ұлттық банк ақша-несие саясатын өзгерту туралы шешім қабылдағанда бірнеше факторды ескереді.
Олардың қатарында:
– экономиканың жалпы жағдайы;
– салық түсімдері;
– бюджет тапшылығы;
– инфляция деңгейі бар.
Ал Андрей Чеботаревтың пікірінше, Ұлттық банк ең алдымен үш негізгі көрсеткішке назар аударады.
Біріншісі – инфляцияның 8-9% деңгейіне дейін тұрақты түрде төмендеуі және 5% мақсатты көрсеткішке қарай нақты трендтің қалыптасуы. Бір айлық көрсеткіш жеткіліксіз.
Екіншісі – теңгенің интервенциясыз тұрақтылығы. Егер валюта бағамы мөлшерлеменің емес, нарықтың есебінен тұрақты болса, төмендетуге мүмкіндік пайда болады.
Үшіншісі – сыртқы факторлар: мұнай бағасы, рубль бағамы және АҚШ Федералдық резерв жүйесінің саясаты. Егер америкалық реттеуші мөлшерлемені төмендете бастаса, бұл Ұлттық банкке де осындай қадам жасауға мүмкіндік береді, – деді сарапшы.
Сарапшылардың пікірінше, базалық мөлшерлеме тек инфляцияны тежеу құралы ғана емес, сонымен бірге теңге тұрақтылығы мен экономикалық белсенділікке тікелей әсер ететін маңызды тетік болып қала береді.
Еске салсақ, былтыр қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,5%-дан 18%-ға дейін көтерген еді.
Ал 2026 жылғы 24 сәуірде хабарлағанымыздай, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтады. Инфляция баяулағанымен, баға қысымы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
Ең оқылған:
- Ресейге кіру тәртібі өзгереді: Қазақстандықтарға жаңа талап енгізіледі
- Германияда ұсталған қазақстандыққа қатысты тың ақпарат шықты
- Путин мен Си Цзиньпин кездесті: "Сібір қуаты 2" жобасы бойынша келісім жоқ
- Қазақстан бидайы және Кения кофесі: Екі ел арасындағы сауда айналымы қалай өзгереді?
- Иранда үлкен соғыс бастала ма? Ирантанушы 3 сценарийді түсіндірді
Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ