2026 жылдың II тоқсанында Қазақстан экономикасының түрлі салаларында 9,4 млн адам жұмыспен қамтылды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының халықты жұмыспен қамту бойынша іріктемелі зерттеу нәтижелерінде айтылды.
Олардың ішінде 7,3 млн адам жалдамалы жұмыс істесе, 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында.
Жұмыспен қамтылғандардың ең жоғары үлесі сауда саласына тиесілі. Бұл салада жұмыспен қамтылғандардың үлесі 16,8% болды.
Одан кейінгі орындарда:
- білім беру – 13,3%;
- өнеркәсіп – 12,4%;
- ауыл шаруашылығы – 10,5%;
- көлік және қоймалау – 7,1%;
- құрылыс – 6,8%;
- денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету – 6,6%.
2025 жылдың II тоқсанымен салыстырғанда бірқатар салаларда жұмыспен қамтылғандар саны артқан.
Ең жоғары өсім жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар саласында тіркелді. Бұл бағытта жұмыспен қамтылғандар саны 37 мың адамға көбейді.
Сонымен қатар білім беру саласында жұмыспен қамтылғандар саны 31,1 мың адамға, ал денсаулық сақтау саласында 21,2 мың адамға артты.
Өсім тіркелген басқа салалар да бар. Атап айтқанда, өнер, ойын-сауық және демалыс салаларында жұмыспен қамтылғандар саны 15,1 мың адамға, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында – 7,7 мың адамға, қаржы және сақтандыру қызметінде – 7,4 мың адамға өскен.