"Қазақстанда 9 банк жойылды" деген ақпарат жалған болып шықты

25 Шілде 2023, 20:04
823
Бөлісу:
"Қазақстанда 9 банк жойылды" деген ақпарат жалған болып шықты

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әлеуметтік желілер мен БАҚ-та таратылып жатқан Қазақстанда жұмыс істеп тұрған 9 банкті тарату туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды. Қазіргі уақытта Қазақстанда 21 екінші деңгейдегі банк қызметін жүзеге асыруда. Бұдан басқа, аталған  екінші деңгейдегі 21 банктен басқа, тағы 9 банк 2007 жылдан бері тарату процесінде, - деп түсіндірді ҚНРДА.

Тарату процесінде тұрған аталған 9 банктің лицензиялары 2007 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде кері қайтарып алынды, атап айтқанда:

  1. Валют-транзит банк (тарату – 2007 жылғы 1 наурыздан бастап);
  2. Қазинвестбанк (2018 жылғы 24 қаңтардан бастап);
  3. Delta Bank (2018 жылғы 25 сәуірден бастап);
  4. Qazaq Banki (2018 жылғы 12 желтоқсаннан бастап);
  5. Астана Банкі (2019 жылғы 9 қаңтардан бастап);
  6. Эксимбанк Қазақстан (2019 жылғы 16 қаңтардан бастап);
  7. Tengri Bank (2021 жылғы 15 ақпаннан бастап);
  8. AsiaCredit Bank (2021 жылғы 22 шілдеден бастап);
  9. CapitalBank Kazakhstan (2021 жылғы 5 қазаннан бастап).

Таратылатын банктердің тарату өндірісінің барысы туралы ақпарат тоқсан сайын Агенттіктің ресми сайтында «Қаржы нарықтары - Банк секторы - Тарату процесі - Тарату процесінің ағымдағы мәртебесі туралы ақпарат» бөлімінде орналастырылады (2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша таратылатын банктер бойынша өзекті ақпарат сайтта 2023 жылғы 14 шілдеде орналастырылды).

Осыған байланысты тарату процесі жұмыс істеп тұрған 21екінші деңгейдегі  банкке қатысты емес, лицензиялары 2007-2021 жылдары қайтарып алынған басқа 9 банкке қатысты жүргізіледі.

Жұмыс істеп тұрған 21 екінші деңгейдегі банктен лицензияларды кері қайтарып алу жоспарланып отырған жоқ.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 12 банк шетелдің қатысуымен,  оның 8-і – еншілес банк.

Бүгінгі күні банк секторы тұрақты, банктер барлық пруденциялық нормативтерді орындауда.

Банк секторының активтері 46,6 трлн теңгені құрайды. Екінші деңгейдегі банктерде 13,7 трлн теңгені немесе жиынтық активтердің 29,4%-ын құрайтын өтімділігі жоғары активтердің елеулі қоры бар. Бос өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.

Банк секторының меншікті капиталы 5,7 трлн теңгені құрады. Банктердің негізгі капиталының жеткіліктілік коэффициенті (k1) 18,6%-ды, меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,4%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден (min. тиісінше 5,5% және 8%) айтарлықтай асып кетеді  және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

Кредит портфелінің сапасы тұрақты болып қалып отыр. Жұмыс істемейтін NPL қарыздардың үлесі несие портфелінің 3,6%-ын құрады. Жұмыс істемейтін кредиттерді провизиялармен өтеу жоғары деңгейде қалып, 77,4%-ды құрайды.

Өзгелердің жаңалығы