Қазақстанда 8 жаңа электр станциясы салынып, 11 нысан жаңартылады

Ұлттық жоба аясында Көкшетау, Семей және Өскеменде жаңа ЖЭО салынып, қолданыстағы станциялар жаңғыртылады.

 gov.kz 2 Қараша 2026, 16:13
2 Қараша 2026, 16:13
122
Фото: gov.kz

Қазақстанда көмір генерациясын дамытуға арналған ұлттық жоба аясында шамамен 7,8 ГВт энергетикалық қуатты іске қосу және жаңарту жоспарланып отыр. Оның ішінде сегіз жаңа энергия нысаны салынып, қолданыстағы он бір нысан жаңғыртылады. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Құрылтай комитетінің отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту үшін Қазақстан жаңа генерация көздерін іске қосумен қатар, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңартуға да басымдық беріп отыр. Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасы.

Министрдің айтуынша, ұлттық жоба шеңберінде жалпы қуаты шамамен 7,8 ГВт болатын энергетикалық қуаттарды іске қосу және жаңарту көзделген.

Атап айтқанда, жиынтық қуаты 5,3 ГВт болатын сегіз жаңа объектінің құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар қуаты 2,5 ГВт болатын қолданыстағы он бір энергия көзін жаңғырту, кеңейту және техникалық қайта жарақтандыру көзделіп отыр, – деді Ерлан Ақкенженов.

Жаңа жобалардың қатарында Екібастұз ГРЭС-3 құрылысын, Курчатов қаласындағы жылу электр станциясын, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу бар.

Әсіресе үш қалада – Көкшетау, Семей және Өскеменде жаңа ЖЭО салу жобаларына ерекше назар аударылып отыр. Энергетика министрлігі бұл жобаларды іске асыру барысын жүйелі түрде сүйемелдеп, бақылауды қамтамасыз етуде.

Үш ЖЭО салу жобалары бойынша Энергетика министрлігі жүйелі сүйемелдеу мен бақылауды қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі таңда жобаларды іс жүзінде іске асыру басталды, – деді министр.

Ұлттық жобаның тағы бір маңызды бағыты – көмір генерациясын заманауи технологиялар негізінде дамыту. Бұл ретте жабдықтардың тиімділігін арттырумен қатар, экологиялық талаптарды сақтау мәселесі де назардан тыс қалмайды.

Жобаны іске асыру шеңберінде заманауи „таза көмір“ технологияларын қолдануға, жабдықтардың тиімділігін арттыруға және экологиялық заңнама талаптарын сақтауға ерекше назар аударылады, – деді Ерлан Ақкенженов.

Осылайша, ұлттық жоба жаңа энергетикалық нысандар салуды ғана емес, қолданыстағы станциялардың техникалық мүмкіндігін арттыруды да қамтиды. Бір жағынан, жаңа генерациялық қуаттар іске қосылса, екінші жағынан, жұмыс істеп тұрған энергия көздері жаңғыртылып, кеңейтіледі.

Белгілі болғандай, көмір генерациясын дамытуға бағытталған бұл жұмыстар елдің энергетикалық қауіпсіздігін кешенді түрде нығайтуға, энергетикалық инфрақұрылымды жаңартуға және электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосады. Энергетикалық тапшылықтың алдын алу үшін жаңа станциялар салынады.

Сондай-ақ, Қазақстан электр энергиясын өндіруді арттырады.

Тағы оқи отырыңыз:

Министр: Елімізде жел мен күн электр станциялары көбейеді

Наверх