Қазақстан алдағы жылдары электр энергиясын тұтынудан артық өндіруге көшуді жоспарлап отыр. Министрлік болжамына сәйкес, 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында елдің энергожүйесінде профицит қалыптасуы мүмкін. Ол кезде электр энергиясын өндіру көлемі 134,1 млрд кВт·сағатқа жетіп, тұтыну 132,8 млрд кВт·сағат болады деп күтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Құрылтай комитетінің отырысында мәлімдеді.
Электр энергиясына деген сұраныстың артуы Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын кеңейтуді қажет етеді. Мемлекет басшысының Жолдауында да елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту, жаңа генерация көздерін іске қосу және халық пен экономиканы электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету міндеті қойылған.
Осы бағытта 2029 жылды қоса алғанда, жалпы қуаты 13,3 ГВт болатын жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу жоспарланып отыр. Оның 7,4 ГВт-ы базалық генерацияға, 5,9 ГВт-ы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі.
Жаңа нысандарды іске қосу жоспары электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтып, елдегі сұранысты толық өтеуге мүмкіндік беруге тиіс. Сонымен бірге жасанды интеллект инфрақұрылымы мен ірі деректерді өңдеу орталықтарының энергияға деген қажеттілігін қамтамасыз ету де көзделген.
Министрдің айтуынша, жекелеген ірі энергетикалық жобаларды жүзеге асыру барысында бастапқы мерзімдерге әсер еткен факторлар болған.
Атап айтқанда, қуаты 544 МВт Алматы ЖЭО-3-ті жаңғырту және Түркістан қаласында қуаты 926 МВт газ станциясын салу жобалары бар. Түркістан станциясында жыл соңына дейін 190 МВт қуатты іске қосу жоспарланып отыр, – деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы қуаты 320 МВт болатын жаңа генерация объектілерін іске қосу көзделген. Бұл жобалар электр энергиясын өндіру көлемін арттырып, елдің профицитке шығуына мүмкіндік береді.
2027 жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарға сәйкес жалпы қуаты 320 МВт жаңа генерация объектілері іске қосылады. Соның нәтижесінде электр энергиясын өндіру көлемі 134,1 млрд кВт·сағ, ал тұтыну көлемі 132,8 млрд кВт·сағ болады деп күтілуде. Болжамды профицит – 1,3 млрд кВт·сағ, – деді Энергетика министрі.
Осылайша, 2027 жылы электр энергиясын өндіру тұтыну көлемінен асып түсуі мүмкін. Ал 2028 жылы бұл айырмашылық одан әрі ұлғаяды деп болжанып отыр.
Министрлік дерегіне сәйкес, 2028 жылы электр энергиясын өндіру көлемі 143,4 млрд кВт·сағатқа дейін өседі. Ал тұтыну көлемі 138,5 млрд кВт·сағ деңгейінде болады деп күтіледі. Болжамды профицит – 4,8 млрд кВт·сағ.
Бұл көрсеткіштер жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу жоспарының маңызын көрсетеді. Өйткені электр энергиясын өндіру көлемінің өсуі елдегі тұтыну қажеттілігін өтеумен қатар, алдағы уақытта қалыптасуы мүмкін қосымша сұранысты да ескеруге бағытталған.
Жоспарланған жаңа қуаттарды іске қосу экономиканың және халықтың электр энергиясына деген барлық қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оның ішінде жасанды интеллектінің энергияны көп қажет ететін инфрақұрылымы мен ірі деректерді өңдеу орталықтарының қажеттілігі де ескерілген. Сонымен қатар генерациялық қуаттардың 20 пайыздық профицитін қалыптастыру көзделіп отыр, – деді Ерлан Ақкенженов.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімді өзектендіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында да жұмыс жүргізіліп жатыр.