Қазақстан 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосады

Энергетикалық тапшылықтың алдын алу үшін жаңа станциялар салынады.

 ©BAQ.KZ архиві 2 Қараша 2026, 15:29
2 Қараша 2026, 15:29
119
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Экономиканың өсуі, жаңа өндіріс орындарының ашылуы және энергияны көп қажет ететін инфрақұрылымның дамуы елдің генерациялық қуаттарын кеңейтуді талап етеді. Осыған байланысты 2029 жылды қоса алғанда, Қазақстанда жалпы қуаты 13,3 ГВт болатын жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Құрылтай комитетінің отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және елді электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Осы міндеттерді орындау үшін энергетика саласында жаңа генерация көздерін іске қосу, қолданыстағы нысандарды жаңғырту және электр энергиясына деген қажеттілікті толық өтеу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бүгінде Қазақстанның біртұтас энергожүйесінде 254 энергия көзі бар. Оның 172-сі жаңартылатын энергетика объектілеріне тиесілі. Елдегі электр станцияларының орнатылған жалпы қуаты 27,1 ГВт-қа жеткен.

Орнатылған қуаттың негізгі бөлігін дәстүрлі энергия көздері құрайды. Оның ішінде көмір электр станцияларының қуаты – 13,7 ГВт, газ электр станцияларының қуаты – 7,1 ГВт, ал ірі су электр станцияларының қуаты 2,5 ГВт. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері объектілерінің жалпы орнатылған қуаты 3,8 ГВт-ты құрайды, – деді Ерлан Ақкенженов.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 123,1 млрд кВт·сағ болды. Ал тұтыну көлемі 124,6 млрд кВт·сағатты құрады. Яғни, тұтыну өндіріс көлемінен 1,5 млрд кВт·сағатқа жоғары болған.

Биыл электр энергиясын өндіру көлемі өткен жылғы көрсеткіштен асып түседі деп күтіліп отыр. Министрлік болжамына сәйкес, жыл соңына дейін 126,5 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіру жоспарланған.

Алайда өндіріс көлемінің өсуі өздігінен энергетикалық қауіпсіздікті толық қамтамасыз етпейді. Ол үшін генерациялық қуаттарды сұранысқа сай әрі уақтылы іске қосу қажет. Осы міндетті орындау аясында алдағы жылдарға арналған ауқымды жоспар әзірленген.

2029 жылды қоса алғанда, жалпы қуаты 13,3 ГВт болатын энергетикалық қуаттарды іске қосу көзделіп отыр. Оның ішінде 7,4 ГВт – базалық генерация, ал 5,9 ГВт – жаңартылатын энергия көздерінің қуаттары, – деді министр.

Жаңа қуаттарды іске қосу тек қазіргі сұранысты өтеумен шектелмейді. Жоспарланған жобалар экономиканың өсуіне, халықтың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жасанды интеллект инфрақұрылымы мен ірі деректерді өңдеу орталықтарының жұмыс істеуіне қажетті энергетикалық негіз қалыптастыруға бағытталған.

Министрдің сөзінше, жоспарланған жобалар жүзеге асқан жағдайда генерациялық қуаттардың 20 пайыздық профицитін қалыптастыруға мүмкіндік туады.

Бұл ретте жекелеген ірі жобалардың бастапқы іске асыру мерзімдеріне әсер еткен факторлар да бар. Атап айтқанда, қуаты 544 МВт Алматы ЖЭО-3-ті жаңғырту және Түркістан қаласында қуаты 926 МВт газ станциясын салу жобалары бойынша мерзімге қатысты мәселелер туындаған.

Түркістан станциясында жыл соңына дейін 190 МВт қуатты іске қосу жоспарланып отыр, – деді ведомство басшысы. 

Жаңа генерациялық нысандарды кезең-кезеңімен іске қосу нәтижесінде Қазақстан алдағы жылдары электр энергиясының профицитіне шығуды көздеп отыр. Бұл – өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, тұтыну мен өндіру арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыруға бағытталған жұмыс.

Наверх