Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтің төрағалығымен «KEGOC» АҚ қызметіне арналған кеңес өтті. Жиында Ұлттық электр желісін дамыту, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, күзгі-қысқы кезеңге дайындық және энергия жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері қаралды.
Кеңес барысында Мемлекет басшысының энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.
2025 жылы KEGOC жөндеу жұмыстарын жоспардан 18 пайызға артық орындап аяқтады. Компанияның инвестициялық бағдарламасы аясында 99,5 млрд теңге игерілді. Ал 2026 жылы инвестиция көлемін 181,9 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта KEGOC «Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» және «Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесімен біріктіру» жобаларын іске асыруды жалғастыруда. Президент тапсырмасына сәйкес, аталған жобаларды жүзеге асыру мерзімдері қысқартылған. Компания мәліметінше, жұмыстар белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр.
Жиында 2035 жылға дейінгі Ұлттық электр желісін дамытуға арналған перспективалық жобалар да қарастырылды. Бұл жоспар шамамен 7 мың шақырым жаңа электр беру желілерін салуды көздейді.
Сонымен қатар KEGOC цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр. Компания энергия жүйесінің жұмыс режимдерін онлайн бақылау, жаңартылатын энергия көздері өндірісін болжау, деректерді талдау және өндірістік процестерді автоматтандыру жобаларын жүзеге асыруда.
KEGOC мәліметінше, енгізілген цифрлық және интеллектуалды шешімдердің жиынтық экономикалық тиімділігі 16,6 млрд теңгеден асқан.
Кеңес қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев алдағы күзгі-қысқы кезеңге сапалы дайындықты қамтамасыз етуді, энергетикалық жобалардың орындалу мерзіміне бақылауды күшейтуді және елдің энергетикалық кешенін жаңғырту бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.