Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен брифингте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жоба 2026-2030 жылдарға арналған және Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл мен салалық министрліктермен бірлесіп әзірленген.
Вице-министр атап өткендей, Қазақстан қазіргі таңда балалардың құқықтарын қорғауға арналған мақсатты стратегияны әзірлеген санаулы елдердің бірі. Тұжырымдамада балалардың құқықтарын қорғау саласындағы барлық қолданыстағы шаралар мен бағдарламалар алғаш рет бір жүйеге біріктірілді.
Елімізде шамамен 7 миллион бала (6 902 492 адам) бар, бұл жалпы халық санының 34%-ын құрайды. Соңғы 10 жылда балалар саны 1,5 миллионға артқан. Президент бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық табысының 50%-ы жыл сайын 18 жасқа толмаған барлық балалардың есепшотына түседі. Жинақталған қаражат оқу ақысын төлеуге және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталады, - деді Ақпарова.
Соңғы үш жылда балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған 10 заң қабылданды. Балаларға қатысты қылмыстар үшін жаза күшейтіліп, зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидасы енгізілді, сондай-ақ қауіпсіздік инфрақұрылымы жасалды.
«Қазақстан халқына» қоры балаларға арналған шамамен 120 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Сонымен қатар 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылып, жыл сайын «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан әлеуметтік осал отбасылардағы балаларға қолдау көрсетіледі. Қазіргі таңда әлеуметтік қолдаудың 49 түрінен тұратын кешенді жүйе жүзеге асырылып жатыр.
Тұжырымдаманы іске асыру аясында 2027 жылдан бастап mGov платформасында «Баланың жолы» цифрлық жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе арқылы балаларға көрсетілетін қызметтер мен қолдаулар бірегей түрде ұйымдастырылады.
Бұған дейін БҰҰ Қазақстанның «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасын қабылдағанын мақұлдаған еді.