Қазақстанда 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайланады. Бір мандатқа орта есеппен үш кандидаттан үміткер. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, сайланатын депутаттардың 3 113-і бір мандатты сайлау округтері бойынша, ал 334-і партиялық тізімдер арқылы анықталады.
Партиялық тізім бойынша 20 өңірдегі 334 орынға 97 партиялық тізім тіркелген. Олардың құрамында 1 160 кандидат бар. Осылайша, бір мандатқа орта есеппен үш-төрт кандидаттан келеді, - деді ОСК мүшесі.
Ал бір мандатты округтер бойынша 9 422 кандидат тіркеліп, олардың аты-жөні сайлау бюллетеньдеріне енгізілген. Бұл бағыттағы орташа бәсекелестік – бір орынға үш кандидат.
Азамат Айманақұмовтың мәліметінше, ең жоғары бәсекелестік Түркістан облысында тіркелген. Мұнда бір мандатқа бес кандидаттан таласады. Сонымен қатар 121 округте бір орынға төрт кандидаттан үміткер.
Ал бәсекелестік деңгейі төмен округтер де бар. Атап айтқанда, 11 өңірдегі 44 округте бір мандатқа екі кандидаттан тіркелген.
ОСК мүшесі кандидаттар туралы ақпараттық плакаттар арнайы тәртіппен учаскелік сайлау комиссияларында орналастырылғанын атап өтті.
Еске сала кетейік, бүгін үгіс-насихат жұмыстары аяқталып, 28 қараша түнгі 00:00-де Қазақстанда тыныштық күні басталады. Ал 29 қарашада 12 679 459 қазақстандық мәслихат депутаттарын сайлайды.