Қазақстанда 2026 жылғы 20 шілдедегі жағдай бойынша «Семей орманы», «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттары мен «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында барлығы 19 орман өрті тіркелді.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 20 шілде күні сағат 14:22-де «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Семей филиалына қарасты Пригородное орманшылығының 55 және 65 орамдарында екі бірдей орман өрті анықталған.
Өрт туралы хабар түскен бойда оны сөндіру жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта оқиға орнында тілсіз жауды оқшаулау және толық сөндіру бойынша барлық қажетті шаралар жүргізіліп жатыр.
Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бір тікұшағы, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының 6 автоцистернасы, 3 тракторы және 20 орман қызметкері жұмылдырылған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 6 техникасы мен 17 қызметкері жұмыс істеуде.
Бұдан бөлек, өртті сөндіру жұмыстарын күшейту мақсатында «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының Ми-8 тікұшағы қосымша күш ретінде тартылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, әрбір өрт ошағының аумағы шамамен 2 гектарды құрайды. Өрт қарағайлы орман алқабында тіркелген. Мамандар оның төменгі өрт екенін, алайда қарқындылығы жоғары екенін атап өтті.
Алдын ала болжамға сәйкес, өрттің шығуына найзағай разряды себеп болған.
Қазіргі уақытта өрттің одан әрі таралуына жол бермеу және оны қысқа мерзімде толық сөндіру үшін қажетті күштер мен техника жеткілікті көлемде жұмылдырылған. Жағдай Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тұрақты бақылауында.