Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа өндірістік жобаны іске қосу көзделген. Олардың нәтижесінде 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, он айдың қорытындысында өндіріс көлемі 9,3 пайызға өскен. Осы өсімді сақтап, өндірісті одан әрі ұлғайтуда жаңа жобалардың маңызы зор.
"Жоспарланған 200 жоба аясында ашылатын жұмыс орындарының 5,5 мыңы ауылдық жерлерде құрылады. Жобалар толық қуатына шыққан жағдайда жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады", – деді Ерсайын Нағаспаев.
Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайтын 125 жоба іске қосылған. Қалған жобалардың құрылысы аяқталуға жақындап, пайдалануға беруге дайындық жүріп жатыр.
Министр жаңа кәсіпорындар Қазақстанда бұрын шығарылмаған өнім түрлерін өндіруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Олардың қатарында теміржол бандаждары мен доңғалақтар, престеу жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар.
Отандық өндірушілерге тапсырыс артып келеді
Өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, кәсіпорындарды тұрақты тапсырыспен қамтамасыз етуге де басымдық беріліп отыр. Министрдің мәліметінше, мемлекеттік сатып алуда қазақстандық өнімге басымдық беру тетігі арқылы отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 122 млрд теңгеге жуық 83 мыңнан астам келісімшарт жасалған.
Ірі тапсырыс берушілермен ұзақмерзімді әріптестік орнату тәжірибесі де кеңейіп келеді. Өткен жылдан бері 2,5 мыңнан астам ұзақмерзімді шарт және 707 офтейк келісімшарты жасалған.
Отандық өнімге сұранысты арттырып отырған бағыттардың тағы бірі – энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба. Оның аясында құбырлар, кабель өнімдері, бетон, арматура, электротехникалық жабдықтар және өзге де тауарлар бойынша 144 келісімшарт жасалған.
Өндірісті цифрлық бақылау күшейтіледі
Мемлекеттік қолдауды нақты өндіріс орындарына бағыттауда қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімі пайдаланылып жатыр. Бүгінде онда 50 мыңнан астам өтінім қаралып, 2,6 мыңға жуық отандық өндіруші мен олардың 72 мың тауары тіркелген.
Тізілімнің негізгі сатып алу алаңдарымен біріктірілуі нәтижесінде жыл басынан бері 94 мың сатып алуда отандық өнімге басымдық берілген.
Министрдің айтуынша, өнімнің Қазақстанда шығарылғанын растау және бақылау тетіктері одан әрі жетілдіріледі. Осы мақсатта өндірісті цифрлық тексеру мен локализацияға қойылатын талаптар күшейтілмек. Сондай-ақ кәсіпорындардың қызметін талдау үшін жасанды интеллектіні, ал өндірістік қуаттардың жүктемесін бақылау үшін цифрлық дашбордты енгізу жоспарланып отыр.