Қазақстанда 500 мыңнан астам адамның айыппұлы кешіріледі

ІІМ мәліметінше, әкімшілік рақымшылық аясында бір миллионнан астам айыппұл есептен шығарылмақ.

Бүгiн 2026, 12:00
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 12:00
Бүгiн 2026, 12:00
213
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда жариялануы жоспарланып отырған әкімшілік рақымшылық аясында 500 мыңнан астам азаматтың айыппұлдары кешірілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер әкімшілік рақымшылық шеңберінде кешірілетін айыппұлдардың ең жоғары және ең төменгі мөлшері қандай болатынын сұрады. Санжар Әділов нақты бір шекті сома белгіленбегенін айтты.

Министр орынбасарының сөзінше, әкімшілік рақымшылық Ішкі істер министрлігі желісі бойынша 1 миллионнан астам айыппұлға қатысты болады.

Әкімшілік рақымшылыққа келетін болсақ, ішкі істер органдары бойынша 1 миллионнан астам айыппұл қаралады. Сонымен қатар бұл шара 500 мыңнан астам азаматқа қолданылады, – деді Санжар Әділов.

Оның айтуынша, рақымшылық нәтижесінде жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын айыппұлдар есептен шығарылмақ.

Рақымшылықтың басты мақсаты не?

Вице-министр әкімшілік рақымшылықтың негізгі мақсаты азаматтарға түсетін қаржылық жүктемені азайту екенін атап өтті.

Басты мақсат – азаматтардың қаржылық жүктемесін төмендету, – деді ол.

Сондай-ақ рақымшылық рәсімдерін іске асыру кезінде автоматтандырылған жүйелер пайдаланылатынын жеткізді.

Журналистер рақымшылыққа ілінетін айыппұлдардың ең төменгі және ең жоғары мөлшерін нақтылауға тырысқанымен, ІІМ өкілі мұндай бірыңғай шек жоқ екенін айтты.

Оның түсіндіруінше, рақымшылық әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты қолданылатындықтан, айыппұл көлемі де құқық бұзушылық бабына қарай өзгереді.

Бізде мұндай 58 бап бар. Сондықтан айыппұлдың да төменгісі бар, жоғарғысы бар. Барлығы нақты құқық бұзушылық бабына байланысты, – деді Санжар Әділов.

Наверх