Медиаторлар – соттан тыс дау-жанжалдарды шешуге көмектесетін мамандардың кәсіби мерекесі елімізде 5 тамызда аталып өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Медиация маңызды бағыттардың бірі болып, сот процестеріне баламасы ретінде дамып келеді. 2011 жылы қабылданған Медиация туралы заң құқықтық негізде еліміз үшін маңызды қадамы болып есептелді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 2 мыңнан астамы кәсіби маманы бар 16 медиаторлар ұйымы жұмыс істейді.
Сонымен қатар өңірлерде шамамен 1771 қоғамдық медиатор бар. Кәсіби этномедиаторларды дайындау және медиативті тәжірибелерді жетілдіру мақсатында 2022 жылдың сәуірінен бастап елімізде Этномедиация орталығы жұмыс істейді.
Этномедиация орталығы кәсіби келіссөзшілерді оқытуға арналған оқу бағдарламасын әзірледі. Осы бағдарлама аясында елдің бес өңірінде этномедиацияның негіздері бойынша семинарлар өткізілді, оған 215 адам қатысты. Олардың арасында ауылдық округ әкімдері, учаскелік полиция инспекторлары, педагог-психологтар және мектеп директорларының орынбасарлары бар.
Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық және конфессияаралық дауларды шешудің құралдары ретінде еліміздегі медиация институтын дамытып, қалыптастыруда. Ассамблея кәсіби медиаторлармен ынтымақтасып, қоғамдық медиаторлардың дамуына маңызды рөл атқаруда. Осы жылдың соңына дейін медиация бағытын жетілдіру мақсатында соттан тыс медиация институтын одан әрі дамыту концепциясын бекіту жоспарлануда.
Медиция әртүрлі салаларда, соның ішінде коммерциялық, отбасы, еңбек және әкімшілік дауларда қолданылады, бұл оның универсалдығы мен қазіргі қоғамдағы маңыздылығын көрсетеді.