Қазақстанда 100 мыңнан астам жүкті әйел диагностикадан өтті

Биыл елімізде болашақ аналарға медициналық тексеру және диагностикалық қызметтер көрсетілді.

 istockphoto.com 20 Қыркүйек 2026, 14:16
20 Қыркүйек 2026, 14:16
105
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда әйелдерге жүктілікке дайындықтан бастап, босанғаннан кейінгі қалпына келу кезеңіне дейін медициналық көмек көрсету аясы кеңейіп жатыр. Қазірдің өзінде бір миллионнан астам әйел әйелдер консультацияларында медициналық қызмет алды.

Әйелдер консультациялары алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 425 ұйым мен 24 облыстық перинаталдық орталық базасында жұмыс істейді. Пациенттер үшін бөлек тіркеу бөлімдері, процедуралық кабинеттер және отбасын жоспарлау орталықтары ұйымдастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүктіліктің 10 аптасына дейін есепке тұрған әйелдердің үлесі 18%-ға өсіп, 71%-ға жеткен.

Ұрықтың туа біткен даму ақауларын ерте анықтау үшін перинаталдық орталықтар жанында «Бір күндік клиникалар» жұмыс істейді. Жүкті әйелдер кепілдендірілген медициналық көмек аясында қажетті тексерулерден өтіп, нәтижелерін қысқа мерзім ішінде ала алады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, диагностикамен 100 мыңнан астам жүкті әйел қамтылып, оларға 500 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Ұрықтың даму ақауларын анықтау көрсеткіші 13%-ға өскен, ал даму ақауларына байланысты нәресте өлімі 15%-ға төмендеген.

Сонымен қатар жүктілікке дайындық кезеңінде әйелдерге тегін тексеруден өтуге мүмкіндік беретін «Аналар саулығы» бағдарламасы жұмыс істейді. Қазақстанда жыл сайын 300 мыңнан астам босану тіркеледі.

Наверх