- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстан жұмыссыздықты қалай төмендетіп, халықтың жұмыс табуына қандай жағдай жасап отыр?
Қазақстан жұмыссыздықты қалай төмендетіп, халықтың жұмыс табуына қандай жағдай жасап отыр?
Жұмыссыздықты төмендетудегі мемлекеттік шаралар.
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
31 Шілде 2026, 18:30
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жүздеген мың қазақстандық жұмыспен қамту шараларының игілігін көрді. Мемлекет тек бос жұмыс орындарын тауып берумен шектелмей, кәсіби білім беруге, жастарды қолдауға және цифрлық сервистерді дамытуға үлкен басымдық беріп отыр. Жұмыссыздық мәселесін бір ғана шарамен шешу мүмкін емес. Жұмысынан айырылған немесе еңбек нарығына енді ғана қадам басқан жандар түрлі қолдау құралдарына мұқтаж: бос жұмыс орындарына қол жеткізу, кәсіби даярлықтан өту, алғашқы еңбек өтілін жинау, субсидияланатын жұмыс орнына орналасу немесе сұранысқа ие мамандықты таңдауға көмек алу.
Жұмыспен қамту қалай жүзеге асуда?
Дәл осы себепті Қазақстандағы жұмыспен қамту саясаты бірнеше бағытта өрбіп келеді. Тікелей жұмысқа орналастырумен қатар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары, кәсіби даярлық, жастарға арналған жобалар мен цифрлық қызметтер қатар дамып жатыр.
BAQ.KZ үшін әзірленген мәліметтерге сүйенсек, 2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде 281,2 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек тапты. Оның ішінде 108,9 мыңы бос жұмыс орындарына, ал 85,1 мыңы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында жұмысқа орналасқан. Тағы 13,1 мың адам түрлі жобалар арқылы, ал 74 мың азамат «әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында жұмыспен қамтылды.
Мемлекеттің бұл бағыттағы жұмысы азаматты уақытша ғана жұмысқа тұрғызумен шектелмеуі тиіс. Түпкі мақсат – адамның еңбек нарығында тұрақтап, ресми табыс табуына және әлеуметтік қорғау жүйесіне толыққанды қатысуына жол ашу.
2026 жылы өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Оның 280 мыңын жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына жіберу, 116,1 мыңын «әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасымен жұмыспен қамту жоспарланған.
Сонымен қатар, 112,1 мың адамды белсенді жұмыспен қамту шараларымен қамтып, тағы 39,5 мыңын ұлттық жобалар аясында жұмысқа тұрғызу көзделген. Осылайша, мемлекет бір мезгілде жұмыс берушілермен де тығыз байланыс орнатып, жаңа жұмыс орындарының құрылуын қолдайды әрі жұмысқа тұруда қосымша демеуді қажет ететін жандарға қолұшын созады.
Статистика не дейді?
Бұл жұмыстардың нәтижесі еңбек нарығының жалпы көрсеткіштерінен де айқын көрінеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 4,6% деңгейінде болған еді.
Бұл ретте 15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 3% болды. Ал жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби даярлықтан өтпеген NEET санатындағы жастардың үлесі 5,8%-ды құрады.
Адамның жұмыс таба алмауының басты себептерінің бірі – оның біліктілігінің жұмыс берушінің талаптарына сай келмеуі. Еңбек нарығында бос жұмыс орындары жеткілікті болғанымен, үміткердің нақты біліктілігі немесе практикалық тәжірибесі жетіспеуі мүмкін.
Кадр тапшылығын шешу жолдары
Бұл түйткілді шешу үшін қысқа мерзімді кәсіби оқыту жүйесі жұмыс істейді. Ол жұмыс берушілердің сұранысы негізінде ұйымдастырылады және кадр тапшылығы сезілетін нақты мамандықтарға бағытталады.
2026 жылы кәсіби оқытумен 8 мың адамды қамту жоспарланған. 1 шілдедегі жағдай бойынша 2 686 азамат оқуға жіберілді. Оның ішінде 272 адам дайындықтан өтіп үлгерсе, 41 түлек тұрақты жұмысқа орналасты. Қатысушылардың басым бөлігі әлі де білім алып жатқандықтан, жұмыспен қамтудың түпкілікті нәтижелері оқу бағдарламалары аяқталған сайын толыға түспек.
Даярлық процесі білім беру ұйымдарында, оқу орталықтарында немесе тікелей жұмыс орнында өтуі мүмкін. Мұндай тәсіл азаматтарды қандай да бір дерексіз мамандыққа емес, нақты кәсіпорынға қажетті дағдыларға баулуға мүмкіндік береді.
Мемлекет оқу ақысын төлеп, шәкіртақы тағайындайды, сондай-ақ қажет болған жағдайда жолақысына, жатын орнына және медициналық байқаудан өтуіне материалдық көмек көрсетеді. Өз кезегінде жұмыс беруші болашақ жұмыс орнының ерекшеліктеріне бейімделген дайын маманға қол жеткізеді.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі қашанда жеке бағыт ретінде қарастырылады. Жас мамандар жиі тұйыққа тіреледі: жұмыс беруші тәжірибе талап етеді, ал оны алғашқы жұмыс орнынсыз жинау мүмкін емес.
2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 85,7 мың қазақстандық жас қамтылды. Оның 50 мыңы – ауылдық жерлердің тұрғындары.
Жыл басынан бері 63,2 мың жас еңбекке араласты. 40,1 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналасса, тағы 23,1 мыңы субсидияланатын жұмыс орындарының қатысушысы атанды.
Негізгі құралдардың бірі ретінде «Жастар практикасы» өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Ол соңғы бес жыл ішінде оқуын аяқтаған, жасы 29-ға толмаған және жеткілікті еңбек өтілі жоқ түлектерге арналған.
Бұл жоба жас маманға алған білімін алғаш рет тәжірибе жүзінде қолдануға, жұмыс берушінің талаптарына бейімделуге және кәсіби түйіндемесін қалыптастыруға зор мүмкіндік береді. Көптеген қатысушы үшін бұл практика тұрақты жұмысқа орналасудың алтын көпіріне айналады.
Сонымен қатар, мемлекет кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға да қолдау көрсетеді. 1 шілдедегі жағдай бойынша «Бастау Бизнес» жобасы аясында 9 036 жас оқудан өтіп, оның 5 062-сі арнайы сертификатқа ие болды.
Бұған қоса, жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша 1 461 жас оқу орындарында және тәлімгерлердің жетекшілігімен тікелей жұмыс орындарында кәсіби даярлықпен қамтылды.
Қазіргі заманғы жұмыспен қамту саясаты цифрлық құралдарға көбірек иек артады. Олар адамға тұрғылықты жеріне қарамастан бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеуге, оқудан өтуге және сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алуға жағдай жасайды.
Skills Enbek платформасында жұмысшы және техникалық мамандықтар, кәсіпкерлік, қызмет көрсету саласы, цифрлық технологиялар мен басқару дағдылары бойынша қысқа мерзімді онлайн-курстар қолжетімді. Қорытынды тестілеуден сәтті өткеннен кейін сертификат Электрондық еңбек биржасындағы пайдаланушының түйіндемесінде автоматты түрде көрініс табады. Оқушылар, студенттер және жас мамандар үшін Mansap Compasy тұғырнамасы жұмыс істейді. Ол кәсіби қызығушылықтарды айқындауға, сұранысқа ие мамандықтар, білім беру гранттары, тағылымдамалар және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы білуге көмектеседі.
Цифрлық сервистер әсіресе ауылдық елді мекендер мен шалғай аймақтардың тұрғындары үшін өте маңызды. Бос жұмыс орындарымен танысу немесе жаңа білім алу үшін азаматтарға облыс орталығына барудың қажеті жоқ. Кәсіби дамудың негізгі құралдарына онлайн қол жеткізуге болады.
Жұмыссыздықтың төмен деңгейін сақтап тұру – маңызды көрсеткіш, бірақ бұл өз алдына жұмыспен қамтудың сапасын толық ашып көрсете алмайды.
Мемлекет үшін жұмыс орнының қаншалықты тұрақты екені, адамның ресми табыс табуы, оған әлеуметтік және зейнетақы аударымдарының жасалуы, сондай-ақ оның кәсіби өсу мүмкіндігінің бар-жоғы аса маңызды.
Сондықтан жұмыспен қамту шаралары тек жұмысқа орналасқандарды құрғақ есепке алудан гөрі, азаматты кешенді түрде сүйемелдеуге ойысып келеді. Адамға өз дағдыларын бағалауға, лайықты мамандық таңдауға, оқудан өтуге, бос жұмыс орнын табуға немесе субсидияланатын жұмыс орнында алғашқы тәжірибесін жинауға жан-жақты көмек көрсетіледі.
Бұл ретте жастарға, ауыл тұрғындарына және еңбек нарығында өз бетінше бәсекеге түсуі қиынға соғатын азаматтарға ерекше назар аударылады. Осы орайдағы қолдау мемлекеттік бағдарламаға уақытша қатысумен шектелмей, оның арты тұрақты жұмыспен қамтуға ұласуы тиіс. Кешенді тәсіл – жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл орнату, экономиканың нақты қажеттіліктеріне бейімдеп оқыту, цифрлық платформаларды дамыту және жекелеген санаттарды атаулы түрде қолдау – жұмыссыздықтың өсуін тежеп қана қоймай, жұмыс орындарының сапасын біртіндеп арттыруға мүмкіндік береді.
Ең оқылған:
- Мектеп формасына қатысты маңызды мәлімдеме жарияланды
- +44°C дейін ыстық: Синоптиктер ескерту жасады
- Жүк пойызы төрт адамды басып кетті: Сот теміржолдың үш қызметкеріне үкім шығарды
- Санаулы секунд: Ақтауда 10-қабаттың терезе жақтауында тұрған бала құтқарылды
- Украина дрондары Ресейдегі Wildberries қоймаларын тағы атқылады